Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Кездесуде елдегі криминогендік ахуал, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ult.kz.
Қылмыс деңгейі төмендеген
Ержан Сәденовтің мәліметінше, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген.
Өткен жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыс саны 11 мыңнан астамға азайған. Атап айтқанда:
- аса ауыр қылмыстар;
- қоғамдық орындар мен көшелердегі құқық бұзушылықтар;
- отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар;
- кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталғандар арасындағы құқық бұзушылықтар азайған.
Сонымен қатар өткен жылдары жасалған 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылған. Заманауи криминалистикалық құралдар, соның ішінде ДНҚ зерттеулері бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Азаматтар полицияға көмектесіп жатыр
Министрдің айтуынша, қоғамда құқықтық тәртіпті бұзуға төзбеушілік қалыптасып келеді.
Жыл басынан бері азаматтар, волонтерлер мен қоғамдық көмекшілер ұсынған ақпарат негізінде 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылған.
Іздеуде жүрген мыңнан астам адам табылды
Құқық қорғау органдарының халықаралық ынтымақтастығы да нәтижесін көрсетіп отыр.
Жыл басынан бері:
- іздеуде жүрген 1039 адам табылған;
- шетелде бой тасалап жүрген 154 адам ұсталған;
- шет мемлекеттердің сұрауы бойынша Қазақстан аумағында 537 қылмыскер құрықталған.
49 млрд теңге қайтарылды
Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан қылмыстық істер бойынша жыл басынан бері 49 млрд теңге қайтарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,5 пайызға көп.
Интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 6,5 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Интернет-алаяқтық қылмыстарының саны 21 пайызға азайған. Оның алдын алу үшін 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайт, сондай-ақ 187 млн алаяқтық қоңырау бұғатталған.
Жол апаттары азайған
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялар да қолданылып жатыр.
Бейнебақылау жүйесі арқылы 2,2 мыңнан астам адам анықталып, ұсталған.
Цифрлық шешімдерді жол қауіпсіздігінде қолдану нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 5 пайызға төмендеген. Жол апаттарынан қаза тапқандар саны 16 пайызға, жарақат алғандар 7 пайызға азайған.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.