Қазақстанда бойдақтар қай өңірде көп? Жар іздеу неге қиындап барады?

Қазақстанда бойдақтар қай өңірде көп? Жар іздеу неге қиындап барады?
Фото: freepik

«Астана! Жігіттер, қайда жүрсіңдер?», «Отбасы құруға болатын қызды қайдан кездестіруге болады?». Соңғы уақытта мұндай сұрақтар танысу қосымшаларында емес, әлеуметтік желілерде жиі қойылатын болды. Көптеген қазақстандықтар махаббат, байыпты қарым-қатынас және отбасы үшін серік іздейтінін айтады. Алайда лайықты адамды табу оңай емес. Осы тақырыпта Tengrinews.kz зерттеу жүргізді , деп хабарлайды ult.kz.

Бұл құбылыстың себебі неде? Қазақстанда бойдақ ерлер мен тұрмыс құрмаған әйелдер қай өңірлерде көбірек тұрады? Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін Tengrinews.kz Ұлттық статистика бюросының деректерін, Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеулерін және сарапшылардың пікірлерін зерделеген.

«Барлығы қайда кеткен?»

Жақында Threads әлеуметтік желісінде астаналық бойжеткен құрбыларымен танысу мақсатында түрлі орындарға шығатынын, бірақ көбіне қыздарды ғана көретінін жазды. Оның айтуынша, жігіттерді «бір қолдың саусағымен санауға болады».

Ал алматылық тағы бір қолданушы ер адамдардың бұрынғыдай көшеде немесе кафеде таныспай кеткеніне таңғалған.

«Кафеде де, мейрамханада да, көшеде де ешкім келіп таныспайды. Барлығы телефонға үңіліп отыр».

Пікір қалдырған ер азаматтардың көбі бұған өз уәждерін айтты. Бірі қыздардың бас тартуынан қорқатынын жазса, енді бірі өзін «мазалап тұрған адам» ретінде көрсеткісі келмейтінін айтты. Кейбірі қазіргі қоғамда көшеде танысу қаншалықты орынды екенін түсінбей жүргенін жеткізді. Сонымен қатар ер адамдардың өзі де әлеуметтік желілерде:

«30 жасқа таядым, отбасы құратын қызды қайдан табамын?»

«Бойдақ қыздар қайда жүреді?» деген мазмұндағы жазбаларды жиі жариялай бастады. Осылайша әлеуметтік желілер біртіндеп танысу алаңына айналып келеді. Бұл Tinder де емес, неке агенттігі де емес. Бірақ ортақ құндылықтары бар адамды көпшілік алдында іздейтін кеңістікке айналғаны байқалады.

Қазақстанда бойдақ ер адамдар қай өңірде көп?

Ұлттық статистика бюросының халық санағы бойынша, Қазақстанда 15 жастан асқан, ешқашан некеде болмаған 1 959 771 ер адам бар.

Бұл көрсеткішке тек жар іздеп жүрген азаматтар ғана емес, студенттер, жастар және әлі үйленбеген барлық азаматтар кіреді.

Ең көп бойдақ ер адамдар тіркелген өңірлер:

  • Түркістан облысы – 254 114 адам;
  • Алматы облысы – 223 337;
  • Алматы қаласы – 188 962;
  • Қарағанды облысы – 144 119;
  • Жамбыл облысы – 133 765;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 128 667;
  • Шымкент – 119 979;
  • Астана (2021 жылғы санақтағы Нұр-Сұлтан) – 119 457.

Яғни статистикаға сүйенсек, әлеуетті «күйеу жігіттердің» ең көп шоғырланған өңірлері – Түркістан және Алматы облыстары, Алматы қаласы мен Қарағанды облысы. Айта кету керек, бұл мәліметтер 2021 жылғы халық санағына негізделген. Сондықтан онда Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары әлі жеке өңір ретінде есептелмеген.

Тұрмыс құрмаған әйелдер қай өңірде көп?

Әйелдер бойынша көрсеткіш сәл өзгеше. Қазақстанда ешқашан тұрмыс құрмаған 1 826 062 әйел бар.

Ең көп тұрмыс құрмаған әйелдер мына өңірлерде тіркелген:

  • Алматы қаласы – 229 697;
  • Түркістан облысы – 227 341;
  • Алматы облысы – 194 807;
  • Астана – 144 306;
  • Қарағанды облысы – 136 660;
  • Шымкент – 131 386;
  • Жамбыл облысы – 113 853;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 109 568.

Осылайша, ресми статистика бойынша әлеуетті «қалыңдықтардың» ең көп шоғырланған қаласы – Алматы. Мамандар мұны кездейсоқ құбылыс деп есептемейді. Алматы – білім, мансап, шығармашылық индустриялар мен ішкі көші-қонның басты орталығы. Сондықтан көптеген жастар алдымен оқуын аяқтап, мансабын қалыптастырып, кейін ғана отбасы құруды жөн көреді.

Ажырасқандарды қосқанда жағдай қалай өзгереді?

Егер ешқашан некеде болмағандармен бірге ресми түрде ажырасқан азаматтарды да есепке алсақ, көрініс өзгереді.

Ер адамдар бойынша көш бастап тұрған өңірлер:

  • Түркістан облысы – шамамен 265,6 мың адам;
  • Алматы облысы – 250,1 мың;
  • Алматы қаласы – 218,2 мың;
  • Қарағанды облысы – 179,2 мың;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 161,3 мың.
  • Әйелдер бойынша:
  • Алматы қаласы – 290,4 мың;
  • Түркістан облысы – 253,6 мың;
  • Алматы облысы – 242,6 мың;
  • Қарағанды облысы – 190,9 мың;
  • Астана – 171,9 мың.

Бұл көрсеткіш бойынша Алматы Қазақстандағы ең үлкен «еркін танысу нарығына» айналады. Дегенмен сарапшылар бір маңызды жайтқа назар аударады. Үлкен қалада адамдар саны көп болғанымен, олардың арасындағы әлеуметтік әрі эмоционалдық қашықтық та артады. Таңдау көбейген сайын, шешім қабылдау қиындай түседі.

25 жастан кейін бойдақ ерлердің саны көбірек

Жас ерекшелігіне қарай жүргізілген талдау да қызықты нәтиже көрсеткен.

20–24 жас аралығында:

  • некеде болмаған ерлер – 370 880;
  • әйелдер – 212 368.
  • 25–29 жас аралығында:
  • ерлер – 227 424;
  • әйелдер – 80 344.
  • 30–34 жас аралығында:
  • ерлер – 116 101;
  • әйелдер – 58 782.

Яғни қоғамда «қашан үйленесің?» деген сұрақ жиі қойылатын жаста бойдақ ер адамдардың саны әйелдерге қарағанда әлдеқайда көп.

35–39 жасқа келгенде айырмашылық азаяды:

  • ерлер – 73 866;
  • әйелдер – 72 360.

Ал кейінгі жас санаттарында әйелдердің үлесі арта бастайды. Бұл өмір сүру ұзақтығының айырмашылығы, ажырасу және жесір қалу сияқты демографиялық факторлармен байланысты.

Қазақстандықтар некеден бас тартқан жоқ

Зерттеулер көрсеткендей, қазақстандықтар ресми некеден бас тартқан қоғамға айналған жоқ. Қазақстандық қоғамдық даму институтының сауалнамасына сәйкес:

  • респонденттердің 42 пайызы ресми некесіз бірге тұруды құптамайды;
  • тек 3,2 пайызы ғана некені тіркемей бірге өмір сүруді таңдаған.

Мұндай өмір салты көбіне 30–60 жас аралығындағы азаматтар арасында кездеседі. Бұл қоғамда некеге деген көзқарас өзгергенін емес, адамдардың отбасы құруға асықпай, алдымен өз өмірін тұрақтандыруға ұмтылатынын көрсетеді.

Қазақстанда алғаш рет неке қию жасы өсіп келеді

Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы мәліметіне сәйкес:

  • ер адамдар алғаш рет орта есеппен 27,9 жаста үйленеді;
  • әйелдер 25,3 жаста тұрмысқа шығады.
  • Қала тұрғындары арасында бұл көрсеткіш жоғары:
  • ерлер – 28,1 жас;
  • әйелдер – 25,8 жас.

Ал ауылдық жерлерде жастар ертерек отбасын құрады:

  • ерлер – 27,5 жас;
  • әйелдер – 24,3 жас.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі Қазақстанда мәселе бойдақтардың аздығында емес. Керісінше, адамдардың танысу тәсілі, серіктеске қоятын талабы және өмірлік басымдықтары өзгеріп келеді. Сондықтан жар табу бұрынғыдан қиынырақ көрінгенімен, қазақстандықтардың басым бөлігі әлі де ресми отбасы құруды маңызды өмірлік мақсаттардың бірі ретінде қабылдайды.