Freedom Inside '26

Қазақстан ЖИ жобаларына $10 млрд келісім жасады

Қазақстан ЖИ жобаларына $10 млрд келісім жасады
primeminister.kz

Астанада Премьер-министр Олжас Бектенов америкалық Firebird компаниясының негізін қалаушылары Размик Овакимян және Александр Есаянмен, сондай-ақ NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредянмен кездесті, деп хабарлайды ult.kz.

Кездесуде Қазақстандағы ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту, жоғары өнімді есептеу қуаттарын құру және заманауи деректерді өңдеу орталықтарын салу мәселелері талқыланды.

Үкімет Екібастұзда жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын елдің цифрлық трансформациясындағы негізгі бастамалардың бірі ретінде қарастырады. Жоба аясында қазіргі 300 МВт қуатты кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін ұлғайту жоспарланған.

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын атап өтіп, халықаралық серіктестермен жасалған келісімдердің стратегиялық маңызын айтты.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жоба аясында NVIDIA-ның соңғы буындағы 100 мың GPU чипіне негізделген ірі есептеу кластері құрылады. Жалпы инвестиция көлемі $10 млрд-ты құрайды. Оның нәтижесінде Қазақстан жыл сайын кемінде $3 млрд экспорттық табыс тауып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алады.

Кездесу қорытындысында Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Firebird арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ «КТ-ТЕЛЕКОМ» мен Firebird арасында «ДӨО алқабы» жобасын іске асыру жөніндегі келісімге қол қойылды.

Жоба жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және жаңа буын цифрлық сервистерді дамытуға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастырып, Қазақстанның Орталық Еуразиядағы ірі цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуды көздейді.