Қазақстан энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресей үкіметінен отын сатып алу жөнінде ресми өтініш әзірге түспеген, деп хабарлайды ult.kz.
Алайда түскен жағдайда Қазақстан “өзара тиімді коммерциялық шарттар негізінде жанар-жағармай материалдарын жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын”.
“Қазақстанның ішкі нарығын толық әрі үздіксіз қамтамасыз ету – сөзсіз басымдық болып қала береді. Экспорттық жеткізілімдер азаматтар мен ел экономикасының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қауіп төнбеген жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін” деп жазылған министрліктің хабарламасында.
Бұған дейін Reuters саладағы төрт дереккөзге сүйене отырып, Қазақстан шілде-тамызда Ресейге 50 мың тонна бензинді гуманитарлық көмек ретінде жеткізуге келісті деп жазған еді. Қазақстан энергетика министрлігі ақпарат агенттігіне Ресей үкіметінен жанармайды гуманитарлық көмек ретінде жеткізу туралы ресми сұраныс түспегенін айтқан.
Дегенмен министрлік Ресейдің "Татнефть" мұнай компаниясы жеткізетін нафтаны (тікелей айдалған бензинді) өңдейтін Батыс Қазақстан облысындағы "Конденсат" зауытынан жанармай жеткізілуі мүмкін екенін жоққа шығармаған.
"Конденсат" ЖШС өндіретін автокөлік бензинін жақын арада Ресейге жеткізу мүмкіндігі Қазақстанның ішкі нарығындағы мұнай өнімдерінің жеткіліктілік деңгейіне байланысты болмақ. Мұндай жеткізілім жүзеге асырылса, автокөлік бензині Ресейдің "Татнефть" компаниясы беретін шикізаттан өндіріледі", — делінген агенттікке берілген жауапта.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша АИ-95 және АИ-92 маркалы бензиндері Батыс Қазақстан облысындағы "Конденсат" зауытынан және Павлодардағы мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілуі тиіс.