Қазақстан мен Пәкістан дәрігерлерді даярлау бойынша ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан мен Пәкістан дәрігерлерді даярлау бойынша ынтымақтастықты кеңейтеді
Gov.kz

Қазақстан мен Пәкістан медициналық білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Астана медицина университеті мен Пәкістанның Білім беруді мақсатты қаржыландыру қоры (PAK-EEF) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ult.kz.

Құжат болашақ дәрігерлер мен мейіргерлерді халықаралық стандарттарға сай даярлауға, академиялық алмасуды дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және медицина саласындағы тәжірибе алмасуды күшейтуге бағытталған.

Ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Пәкістан Ислам Республикасы Федералдық білім беру және кәсіптік даярлау жөніндегі мемлекеттік министрі Ваджиха Камармен кездесуі барысында талқыланды.

Ақмарал Әлназарова халықаралық серіктестік жаңа буын медицина мамандарын даярлаудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық медициналық жоғары оқу орындары бүгінде әлемдік білім беру кеңістігіне белсенді кірігіп, жетекші шетелдік университеттермен бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанның PAK-EEF қорына гуманитарлық грант бөлу туралы шешімі екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтқан маңызды қадам ретінде бағаланды. Бұл бастама білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салаларындағы өзара байланысты одан әрі дамытуға жол ашты.

Қазіргі уақытта Астана медицина университеті Пәкістанның жетекші медициналық университеттері мен клиникаларымен ынтымақтастық орнатқан. Жаңа меморандум осы серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, дәрігерлер мен мейіргерлерді даярлау бағдарламаларын жетілдіруге, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыруға, ғылыми жобаларды бірлесіп іске асыруға және мамандардың біліктілігін көтеруге мүмкіндік береді.

Министрдің айтуынша, Астана медицина университетінің заманауи оқу және клиникалық базасы, тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамы мен халықаралық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі әлемдік деңгейдегі медицина мамандарын даярлауға толық мүмкіндік береді.