Астанада химиялық заттар мен есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған Қазақстан мен АҚШ сарапшыларының екіжақты кеңесі өтті. Кездесуде заманауи қауіп-қатерлерге қарсы бірлескен әрекеттер, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және халықаралық ақпарат алмасу тетіктері талқыланды, деп хабарлайды ult.kz.
Іс-шараға Қазақстанның Бас прокуратурасы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Әділет, Қаржы министрліктері, Қаржы мониторингі агенттігі, Ұлттық банк өкілдері, сондай-ақ АҚШ-тың Астанадағы Елшілігі, АҚШ Есірткіге қарсы күрес басқармасы (DEA) мен АҚШ Кеден және шекара қызметінің мамандары қатысты.
Кеңес барысында есірткі мен прекурсорлардың заңсыз айналымын анықтау және оның жолын кесудің жаңа тәсілдері, үлкен деректерді пайдалану, тәуекелдерді талдау және жедел ақпарат алмасу мәселелері қаралды. Сонымен қатар АҚШ Ұлттық таргетинг орталығының тәжірибесі таныстырылып, Chemex жүйесі арқылы химиялық заттарды бақылау тетіктері талқыланды.
ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Елдар Әбдікеновтің айтуынша, қазіргі таңда қылмыстық топтар цифрлық технологиялар, криптовалюталар, интернет-платформалар және халықаралық логистикалық бағыттарды белсенді пайдаланып келеді. Сондықтан мұндай қауіптерге қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың рөлі артып отыр.
Оның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында елімізде төрт мыңға жуық есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталған. Алты ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, оның біреуі трансұлттық сипатта болған. Сондай-ақ синтетикалық есірткі өндіретін 15 жасырын зертхана жойылып, заңсыз айналымнан шамамен 10 тонна есірткі тәркіленді. Оның ішінде 578 келіден астамы синтетикалық есірткі болған.
Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары жеткізу арналары дер кезінде анықталғанының арқасында заңсыз айналымға 12 тоннадан астам прекурсордың түсуіне жол бермеген.
Кездесу қорытындысында тараптар есірткі қылмысына қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, бірлескен жұмыс тетіктерін жетілдіруге және кәсіби тәжірибе алмасуды жалғастыруға уағдаласты.