Қазақмыс Жезқазған байыту фабрикасының әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымын кешенді жаңарту жұмысын жүргізіп жатыр. Жезқазған байыту фабрикасының №1, №2 және №3 әкімшілік-тұрмыстық ғимараттарын, сондай-ақ медициналық пунктін жөндеуге 218,6 млн теңгеден астам қаржы бағытталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жаңарту жұмысы жұмыскерлердің күнделікті пайдаланылатын нысандарын қамтиды. Атап айтқанда, жуынатын бөлмелер, киім ауыстыратын орындар, санитарлық-тұрмыстық аймақтар және әкімшілік-тұрмыстық корпустардағы басқа да бөлмелер заман талабына сәйкестендірілуде.
Сонымен қатар ғимараттардың шатырлары мен қасбеттері жөнделіп, инженерлік коммуникация жаңартылуда.

Жұмыстың негізгі бөлігі №1 және №2 әкімшілік-тұрмыстық корпустарда жүргізілуде. Мұнда жуынатын бөлмелер мен киім ауыстыратын орындар кешенді жөндеуден өтіп, санитарлық бөлмелер, баспалдақ алаңдары, шатыр мен ғимараттың қасбеті мен жертөлесі жаңартылуда. №3 әкімшілік-тұрмыстық корпуста санитарлық бөлмелер, дәліз және баспалдақ алаңы әдемі қалыпқа келтірілді.
Жобаның жеке бағыты – Жезқазған байыту фабрикасының медициналық пунктін жаңарту. Ғимараттың ішкі бөлмелері, шатыры мен қасбеті жөнделіп, жылыту, кәріз және электрмен жабдықтау жүйелері жаңартылуда. Сондай-ақ жаңа сантехникалық жабдықтар орнатылуда.
Жұмыс бекітілген кестеге сай кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2026 жылы «Қазақмыстың» жаңа басқарушы командасы еңбек жағдайын жақсарту мен кәсіпорындардың инфрақұрылымын жаңартуды басым бағыттардың бірі ретінде белгіледі. Компания өндірістік нысандармен қатар жұмыскерлер күнделікті пайдаланатын әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды да қамтитын бағдарламаны жүзеге асырып жатыр.