Freedom Inside '26

Қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген 106 жастағы Зұлқия Жұматоваға «Құрмет» ордені берілді

Қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген 106 жастағы Зұлқия Жұматоваға «Құрмет» ордені берілді
видеодан скриншот

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін марапаттау рәсімінде қазақ телевизиясының ардагері, 106 жастағы Зұлқия Жұматованы «Құрмет» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысы журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Күшті Қазақстанды құру жолындағы еңбегін жоғары бағалады. Президенттің айтуынша, БАҚ өкілдері қоғамда «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыруға және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын кеңінен насихаттауға елеулі үлес қосып келеді.

Сөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық телевизияның қалыптасуына зор еңбек сіңірген Зұлқия Жұматованы ерекше атап өтті.

– Ұлттық телевизияның алғашқы кәсіби мамандарының бірі, қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген майталман диктор Зұлқия Жұматованы ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда 106 жасқа келген ардақты тұлғаны халқымыз айрықша құрметтейді. Сондықтан мен Зұлқия Мұқанқызына «Құрмет» орденін табыстау туралы шешім қабылдадым, – деді Президент.

Зұлқия Жұматова қазақ телевизиясының алғашқы қарлығаштарының бірі саналады. Ол қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізіп, отандық тележурналистиканың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.

Президент сондай-ақ Қазақстан журналистикасы мен телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар медиа мамандарын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын хабарлады. Марапатталғандардың қатарында ақпарат саласына саналы ғұмырын арнаған ардагерлер мен тәжірибелі журналистер бар.

Мемлекет басшысы тәжірибелі журналистердің еңбегі жас буын үшін үлгі екенін атап өтіп, ақпарат саласы мамандары алдағы уақытта да ел игілігі жолында қызмет ете беретініне сенім білдірді.