Freedom Inside '26

Қазақ қызы Қытайда топ жарды: Назым Қызайбайдан кезекті алтын

Қазақ қызы Қытайда топ жарды: Назым Қызайбайдан кезекті алтын
IG/qaz_team_official©

Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing Әлем кубогында алтын медаль жеңіп алды. 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалда ол Италия өкілі Сирин Шаарабиден басым түсті, деп хабарлайды ult.kz.

Vesti.kz сайтының хабарлауынша, бұл қос боксшы арасындағы алғашқы кездесу болды. Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жекте төрешілер жеңісті 4:1 есебімен 32 жастағы Қызайбайға берді.

Осылайша, Назым Гуйяндағы турнирде Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Бұл – оның World Boxing Әлем кубогындағы екінші чемпиондығы. Өткен жылы Астанада өткен бәсекеде ол 48 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанған еді.

Назым Қызайбай – бокстан үш дүркін әлем чемпионы және 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері. Сондай-ақ, ол әлем чемпионаттарында бес медаль жеңіп алған алғашқы қазақстандық боксшы ретінде рекорд иеленіп отыр.