Тоқаев FIDE президенті Тимур Турловты қабылдады

Тоқаев FIDE президенті Тимур Турловты қабылдады
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Тимур Турловты қабылдады, деп хабарлайды ult.kz.

Президент Тимур Турловты FIDE президенті болып сайлануымен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жетістік Қазақстан мен отандық шахмат мектебінің халықаралық аренадағы беделі артып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанда шахматтың орны ерекше екенін айтты. Оның сөзінше, шахмат спорт түрі ғана емес, өскелең ұрпақтың зияткерлік қабілетін дамытуға ықпал ететін маңызды құрал.

Қазір елімізде шахматпен 278 мыңнан астам адам тұрақты түрде айналысады.

Президент Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль жеңіп алған Қазақстанның әйелдер құрамасының жетістігін де атап өтті.

Кездесуде Қазақстан шахмат федерациясының алдағы міндеттері талқыланды. Тоқаев құрама командалардың дайындығын күшейту, жас таланттарды анықтап, даярлау жүйесін жетілдіру, білім беру саласында шахматты дамыту және өңірлердегі шахмат инфрақұрылымын кеңейту қажеттігін айтты.

Сондай-ақ отандық бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыру, бірлескен білім беру жобаларын іске асыру және Қазақстанда ірі халықаралық шахмат жарыстарын өткізу үшін Қазақстан шахмат федерациясы мен FIDE арасындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екеніне назар аударды.

Өз кезегінде Тимур Турлов шахматты дамытуға көрсеткен қолдауы үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді. FIDE президенті шахматты әлемде кеңінен насихаттау және халықаралық ынтымақтастықты күшейту бағытындағы жаңа жобалар туралы айтты.