Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды»

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды»
Ақорда

ҚХР бизнес өкілдерімен «дөңгелек үстел» форматында өткен кездесуде Президент қытайлық серіктестерге шынайы ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікке жоғары баға берді, деп хабарлайды ult.kz. 

Президент Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» бірге қадам басқанын атап өтті. Осы орайда Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салғанын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі саяси сенім сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды. 

– Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазір Қазақстанда қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқты ірі компанияларды атап өту қажет. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық ғылым мен инновация орталықтарының бірі саналатын Шанхай қаласындағы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы қарсаңында бас қосудың символдық мәні зор екенін айтты.  Сонымен қатар қатысушыларға Қазақстанның цифрлық трансформацияның басымдықтарын таныстырып, технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. 

Президенттің айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні болашақ экономикалық өсімнің басты факторларының бірі ретінде қарастырады, сондай-ақ халықаралық инвесторларды тарту үшін заманауи цифрлық инфрақұрылым жасақтауда. 

– Екібастұз қаласындағы Data Center Valley жобасына ерекше тоқталғым келеді. Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бастамасы. Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру. Біз қытайлық серіктестерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайта түсуге мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрлық логистиканы және перспективті көлік дәліздерін дамытқан жөн деп санайды. 

– Қазақстан Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабы болуға тиіс. Басты мақсат – Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін қалыптастыру. Бір сөзбен, деректер цифрлық желі арқылы қалай тез жіберілсе, тауарлар да шекарадан дәл сондай жылдам әрі тиімді өтетін кеңістік құруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент аса маңызды минералдарды игеру саласын перспективті бағыт ретінде атады. Ол Қазақстан стратегиялық ресурстардың қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енетінін және халықаралық серіктестермен бірлесе қосылған құны жоғары өндірісті дамытуды көздейтінін мәлімдеді.