Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ult.kz.

Президент өз құттықтауында Құрбан айттың халқымыздың рухани өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.

«Осы киелі мерекеде рухани кемелденуге жол ашатын мейірімділік пен қайырымдылық, өзара құрмет пен сенім, жанашырлық пен тілеулестік қасиеттері кеңінен дәріптеледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Құрбан айт күндері адамдардың бір-біріне қолдау көрсетіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытуының маңызы арта түсетінін айтты.

Сондай-ақ Президент ислам діні мен еліміздегі басқа да дәстүрлі діндердің қоғамдағы ынтымақ пен рухани дамуға негіз болып отырғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел тәуелсіздігі мен бірлігінің маңыздылығына да тоқталды.

«Ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты көздің қарашығындай сақтау – әрбір отаншыл азаматтың перзенттік парызы», – деді Президент.

Мемлекет басшысы халықтың бірлігі мен жасампаз рухының арқасында Қазақстан алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беретініне сенім білдірді.

Сөз соңында Президент барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке тілеп, Құрбан айттың қабыл болуын тіледі.