Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің өкілімен Газа мәселесін талқылады

Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің өкілімен Газа мәселесін талқылады
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің аға кеңесшісі Арье Лайтстоунмен кездесу өткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Кездесу барысында Президент Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қатысуының маңызын атап өтіп, ұйым аясында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

– Біз Бейбітшілік кеңесінің негізін қалаушылардың бірі ретінде бұл институттың жаһандық қауіпсіздік пен халықаралық диалогты нығайтуға елеулі үлес қоса алатынына сенімдіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Тараптар әңгіме барысында Газа секторындағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған Қазақстанның бастамаларын талқылады. Атап айтқанда, әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру, білім беру мен денсаулық сақтау жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.

Арье Лайтстоун Қазақстан халқын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, елге бейбітшілік пен өсіп-өркендеу тіледі. Сонымен қатар ол АҚШ президенті Дональд Трамптың ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізді.

Кездесу барысында Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы белсенді қызметі де талқыланды. Бейбітшілік кеңесінің өкілі еліміздің түрлі халықаралық бастамаларға қатысуын және Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалады.

Сондай-ақ тараптар көлік және логистика саласындағы әріптестікті, TRIPP жобасы мен Middle Corridor Орта дәліз аясындағы ықпалдастықтың келешегін қарастырды. Қазақстанның өңіраралық байланысты нығайтуға және халықаралық көлік бағыттарын әртараптандыруға ерекше қызығушылық танытып отырғаны айтылды.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Арье Лайтстоун екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.