22 жастағы жігіт қарт әкесін аяусыз соққыға жығып, болған оқиғаны видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды ult.kz.
Сұмдық жағдай Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының Бірлік ауылында болған.
Оқиға түсірілген бейне әлеуметтік желілерде тез тарады. Кадрларда жас жігіттің қарт әкесін балағаттап, оған қол көтергені анық көрінеді.
Видео жарияланғаннан кейін полиция тексеру жұмыстарын бастап, көп ұзамай күдіктінің жеке басын анықтады. Ол – зейнеткердің өз ұлы болып шықты.
Зардап шеккен қария сот-медициналық сараптамадан өтуден және ұлының үстінен арыз жазудан бас тартқан. Соған қарамастан, полицейлер оқиғаға құқықтық баға беріп, істі сотқа жолдады.
«Ауыл тұрғыны кінәлі деп танылып, оған бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды», – деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің ақпараттық саясат басқармасының жетекшісі Сән Жұмағазина.
Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмайтынын ескертті. Жәбірленуші арыз жазбаса да, мұндай жағдайлар бойынша міндетті түрде тексеру жүргізіліп, заңда көзделген шаралар қабылданады.