«Қара бүркіттегі» сотталғандар мектеп бітірді

«Қара бүркіттегі» сотталғандар мектеп бітірді
Фото: ult.kz

Қостанай облысындағы әйгілі «Қара бүркіт» колониясында да «Соңғы қоңырау» соғылды, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, Жітіқара қаласындағы №39 қатаң режимдегі мекемеде мектеп бағдарламасын аяқтаған сотталғандарға арнайы шара ұйымдастырылған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, білім алғандар — өмір бойына сотталғандар емес, мекеменің шаруашылық жұмыстарына тартылған азаматтар. Олар асхана, тазалық және ішкі шаруашылыққа жауап беретін топ құрамында жазасын өтеп жүр.

Мекемеде өткен шарада сотталғандар гитарамен ән айтып, бір-біріне ізгі тілектерін арнаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кеш жылы атмосферада өткен.

Сондай-ақ түлектерге жаңа мақсат қойып, өмірге басқа көзқараспен қарауға байланысты ақыл-кеңестер айтылған.

Айта кетейік, «Қара бүркіт» колониясы Қазақстандағы ең қатаң режимдегі абақтылардың бірі саналады. Мұнда аса ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтейді.