Ақмола облысында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға Арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 млрд теңге бөлінді. Қаражат Президенттің заңсыз иемденілген активтерді қайтару және оларды елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыттау жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылып жатқан жобаларға жұмсалады, деп хабарлайды ult.kz.
Үкіметтің мәліметінше, қаржы Бурабай ауданы мен Щучинск қаласында төрт инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға бағытталған. Оның ішінде Қатаркөл көлінің маңындағы балаларды сауықтыру орталықтарының су құбыры желілері жаңғыртылып, коммуналдық қызмет сапасы жақсартылмақ.
Сондай-ақ Щучинск қаласында магистральдық су құбыры желілерінің төртінші кезегін салу және қайта жаңарту, су бұру жүйелері мен нысандарын жөндеу, кварталішілік кәріз желілерін тарту жұмыстары жүргізіледі.

Жобаларды іске асыру нәтижесінде инженерлік желілердегі апат саны азайып, жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік және туристік нысандарды су және кәріз жүйесіне қосуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар бұл өңірге инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптастырады.
Айта кетейік, 2024–2026 жылдары Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыру мақұлданған. Оның 267-сі су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған, жалпы құны – 226,5 млрд теңге.
Үкімет сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 2,7 млрд теңге бөлді.