Қайтарылған активтер СҚО-дағы ауылдарды сумен қамтуға бөлінді

Қайтарылған активтер СҚО-дағы ауылдарды сумен қамтуға бөлінді
ашық дереккөз

Үкімет Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 2,7 млрд теңге бөлді. Қаражат Преснов және Соколов топтық су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтауға бағытталады, деп хабарлайды ult.kz.

Преснов топтық су құбырының реконструкциясы Есіл, Мамлют және Жамбыл аудандарындағы 43 елді мекендегі 34,5 мың тұрғынның суға қолжетімділігін жақсартады. Қазірдің өзінде 171 шақырым магистральдық су құбыры мен тарату желілері, сондай-ақ 46 шақырым ауылішілік су желісі тартылған. Сонымен қатар су жинау, тарату және қысымды тұрақтандыруға арналған нысандардың құрылысы мен жаңғыртуы жалғасып жатыр.

Ал Соколов топтық су құбыры Қызылжар ауданындағы 10 ауылды қамтиды. Жоба аясында 59 шақырым тарату желісі мен 77 шақырым ауылішілік су желісі салынады. Екі нысанды да 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жобалар іске қосылғаннан кейін сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігі артып, су тасымалдау кезіндегі шығындар азайып, тұрғындарға ауыз су жеткізу сапасы жақсарады.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында ұзындығы 3 мың шақырымнан асатын еліміздегі ең ірі топтық су құбырлары желісі орналасқан. Ол 229 ауылдағы 175 мың тұрғынды сумен қамтамасыз етеді. Ал 2024–2026 жылдары Арнаулы мемлекеттік қор есебінен жалпы құны 610 млрд теңгеден асатын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыру мақұлданған. Оның 267-сі су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған, жалпы құны – 226,5 млрд теңге.