Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде адамдар арасында қысылып қалған 18 жастағы қыз жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалаған, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен «Сахнада 20 жыл» концертінде болған. Алдын ала мәліметке сүйенсек, көрермендер шамадан тыс шоғырланып, бойжеткен көпшілік арасында қысылып, жарақат алған.
Зардап шеккен қыздың туысы әлеуметтік желіде жазба жариялап, жұрттан қолдау сұраған. Оның айтуынша, бойжеткен адамдардың аяғының астында қалған.
"Адамды құлатып, өлім аузына жеткенше таптайтындай қалай сонша қатыгез болуға болады? Менің бауырымды не үшін ұрып, таптадыңыздар? Ол алты сағаттан бері жансақтау бөлімінде, өмір мен өлімнің арасында жатыр. Қазір бізге өте ауыр. Өтінемін, аман қалсын деп дұға етіңіздерші", – деп жазған туысы.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы бойжеткеннің жағдайына қатысты түсініктеме берген. Басқарманың 11 қазан таңертеңгі мәліметі бойынша, науқастың жағдайы тұрақты ауыр болғанымен, аздаған жақсару байқалған.
"Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Науқас мамандардың бақылауында", – деп хабарлаған басқарма.
Айта кетейік, Бағдагүл емші Қайрат Нұртастың концертін сынады.
Не жағдай болды?
10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қайрат Нұртастың шығармашылығына 20 жыл толуына арналған концерт өтті. Алайда стадионға кіреберісте көрермендер арасында кептеліс туындап, адамдар бір-бірін қыса бастаған.
Полицияның алдын ала мәліметінше, концертке алаңның сыйымдылығынан артық билет сатылған. Оқиғадан кейін қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Концертті ұйымдастырған 1984 жылы туған азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.