Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Кімге?": Толқын Забирова күйеуінің күтпеген ұсынысы туралы айтты

"Кімге?": Толқын Забирова күйеуінің күтпеген ұсынысы туралы айтты
Фото-коллаж: ult.kz/ ЖИ-мен өңделген

Белгілі әнші Толқын Забирова жұбайы Сафардың өзіне қалай сөз салғанын айтып, жастық шағындағы қызықты оқиғамен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі Instagram парақшасында жариялаған бейнежазбасында қазіргі жастардың үйленуге ұсыныс жасау үшін түрлі тосынсый ұйымдастыратынын сөз етті. Ал өзінің отбасылық өмірі мүлде өзгеше басталғанын еске алды.

"Қазір қарап отырсаң, үйленуге ұсыныс жасаудың қаншама түрі бар. Меніңше, жастар таңғалдыру үшін тек ғарышқа ұшпаған шығар. Су астында да, аспанда да, аралдарда да ұсыныс жасап жүр. Әрине, мұның бәрі өте романтикалық болып көрінеді", – деді әнші.

Толқын Забированың айтуынша, болашақ жары оған сөз салу үшін арнайы дайындалмаған. Тіпті әнші Сафардың үйленуге ұсыныс жасап тұрғанын бірден түсінбеген.

"Достарымызбен асүйде отырғанбыз. Әңгіме қызу жүріп жатқан. Бір кезде Сафар: "Дүкенге барып, костюм, көйлек, сақина сатып алу керек", – деді. Мен одан: "Не үшін?" – деп сұрадым", – деп еске алды өнер иесі.

Сафардың жауабы әншіні одан әрі абдыратып тастаған.

"Ол маған түсінбей тұрсың ба дегендей қарады да: "Сен не, тұрмысқа шықпайсың ба?" – деді. Мен оған қарап: "Кімге?" – деп сұрадым", – деді Толқын Забирова.

Осы әңгімеден кейін ғана әнші болашақ жарының үйлену туралы айтып отырғанын түсінген. Өнер иесі Сафардың сезімін әсірелеп жеткізуге шебер емес екенін де жасырмады.

"Мүмкін, мұнда романтика жоқ шығар. Бірақ бұл – күйеуімнің бар болмысы. Ол мұндай нәрсені әдемілеп, романтикалық түрде жеткізе алмаған шығар", – деді әнші.

Ерекше тосынсыйсыз, қарапайым әңгімеден басталған жұптың отбасылық өмірі бүгінде отыз жылға жуықтаған.

"Бірақ, Алла қаласа, келесі жылы бірге өмір сүргенімізге 30 жыл толады", – деді Толқын Забирова.