Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Мемлекет басшысының бастамалары Қазақстанды өңірлік технологиялық орталыққа айналдыруға бағытталған – саясаттанушы

Мемлекет басшысының бастамалары Қазақстанды өңірлік технологиялық орталыққа айналдыруға бағытталған – саясаттанушы

Қазақстанның цифрлық трансформациясы, жасанды интеллектіні дамыту және халықаралық технологиялық әріптестікті кеңейту мәселелері мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарына айналды. Соңғы жылдары елімізде цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, отандық IT-экожүйені қалыптастыру және жаңа технологияларды экономиканың түрлі салаларына енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл үдеріс Қазақстанның жаһандық технологиялық кеңістіктегі орнын нығайтып, жаңа даму мүмкіндіктеріне жол ашуда.

Осы тұрғыдан алғанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысуы және Қазақстан мен Ресей арасындағы цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты талқылауы ерекше маңызға ие. Мұндай халықаралық алаңдар озық тәжірибе алмасуға, технологиялық шешімдерді бірлесіп әзірлеуге және мемлекеттер арасындағы әріптестіктің жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, цифрлық экономиканы қалыптастыру тек технологиялық жаңғыртумен шектелмейді. Ол құқықтық және институционалдық негізді жетілдіруді, білікті мамандар даярлауды, энергетикалық инфрақұрылымды дамытуды және халықаралық көлік-логистика жүйесіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізуді де талап етеді. Сондықтан бұл бағыттағы бастамалар Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық және технологиялық әлеуетін арттырумен тікелей байланысты.

Осы мәселелерге қатысты саясаттанушы Аман Мамбеталиев Президенттің цифрлық даму саласындағы бастамаларына, Қазақстанның технологиялық әлеуетін нығайтудағы халықаралық ынтымақтастықтың рөліне және екі ел арасындағы бірлескен жобалардың экономикалық мүмкіндіктеріне тоқталды. Сарапшының пікірінше, цифрлық трансформация мен халықаралық әріптестікті қатар дамыту Қазақстанның технологиялық шешімдер әзірлейтін және өңірлік цифрлық орталыққа айналуына негіз бола алады.

— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысуы цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы белсенді диалогтың жалғасы болды. Осындай халықаралық алаңдардың екі ел арасындағы технологиялық әріптестікті нығайтудағы маңызын қалай бағалайсыз? 

— Қазақстан жоғары технологиялар арқылы дамудың жаңа бағытын айқындаған мемлекет ретінде халықаралық аренада өзін барған сайын белсенді танытып келеді. Соңғы жылдары елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және цифрлық технологияларды күнделікті өмірге енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде біз азаматтар ретінде осы жаңашылдықтарсыз өмірімізді елестете алмаймыз. Тіпті ата-әжелеріміздің өзі онлайн өтінім беріп, мобильді банкингті еркін пайдалана бастады. Меніңше, бұл – қоғамның тұтастай цифрлық даму жолына түскенінің айқын көрсеткіші.

Технологиялар бір орында тұрмайды, керісінше, олардың даму қарқыны жыл өткен сайын үдей түсуде. Сондықтан технологиялық күн тәртібін үйлестіру және ортақ ұстанымдарды қалыптастыру үшін осындай халықаралық кездесулердің маңызы зор. Мұндай форумдар мемлекеттерге жасанды интеллектіні реттеу мәселелері бойынша тәсілдерін салыстыруға, нейрондық желілерді мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу тәжірибесімен алмасуға, сондай-ақ бизнес пен ғылыми орталықтар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін анықтауға жол ашады.
Қазіргі таңда еліміздің дипломатиялық саясатының негізгі бағдарларының бірі – оның тиімділігін арттыру және Қазақстан азаматтары үшін нақты нәтижелерге қол жеткізу. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай кездесулер пікір мен білім алмасудың маңызды алаңы саналады. Онда талқыланған озық тәжірибелер мен идеялар болашақта елімізде жүзеге асырылып, Қазақстанның технологиялық дамуына өз үлесін қоса алады.

— Президент өз сөзінде Қазақстанның цифрлық трансформация бағытында қол жеткізген нақты нәтижелерін атап өтті. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект туралы» заңның қабылдануы, Digital Qazaqstan стратегиясының әзірленуі, Astana Hub жұмысының дамуы және AI-Sana бағдарламасы аясында мамандар даярлау мәселелеріне тоқталды. Үкіметтің цифрлық экономиканы қалыптастыру бағытындағы жұмысын қалай бағалайсыз? 

— Мемлекеттік жүйенің цифрлық трансформациясы – барлық мемлекеттік мекемелердің қатысуын талап ететін табиғи әрі ұзақ мерзімді үдеріс. Сондықтан Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.
Бұл бағытта қажетті институционалдық және құқықтық негіз қалыптастырылды. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданып, 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілді. Сонымен қатар, арнайы министрлік құрылып, нарықтың барлық қатысушыларына жергілікті деңгейде бастамашылдық танытып, цифрлық өзгерістерге белсенді атсалысу қажеттігі жөнінде нақты бағдар берілді.

Бұл бастамалардың толық нәтижесі алдағы жылдары айқын көріне бастайды. Дегенмен, қазірдің өзінде қолға алынған шаралар Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландырумен шектелмей, өзінің технологиялық шешімдерін әзірлейтін әрі өндіретін толыққанды технологиялық орталыққа айналуды көздейтінін аңғартады.

— Мемлекет басшысының сөзінде Қазақстан мен Ресей арасындағы жасанды интеллект, энергетика және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесі де маңызды орын алды. Атап айтқанда, атом энергетикасындағы бірлескен жобалар, цифрлық көлік дәлізін құру және ақпараттық жүйелерді интеграциялау жөнінде айтылды. Мұндай өзара іс-қимыл Қазақстан үшін қандай жаңа экономикалық және технологиялық мүмкіндіктерге жол ашады? 

— Қазіргі әлемде болып жатқан өзгерістер ең алдымен көлік-логистика саласынан айқын көрініс табуда. Халықаралық сауда бағыттары жаңарып, мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың сипаты өзгеріп келеді. Мұндай жағдайда көлік дәліздерін дамыту, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту және транзиттік бағыттардың тиімділігін арттыру айрықша маңызға ие. Осы үдерісте Қазақстан өзінің географиялық орналасуын тиімді пайдаланып, халықаралық көлік-логистика жүйесіндегі орнын нығайтып келеді. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсенді әрі көпвекторлы сыртқы саясаты, халықаралық әріптестермен тұрақты диалог орнатуға бағытталған дипломатиялық жұмысы да ықпал етуде.

Қазақстан мен Ресей арасындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау және бірыңғай цифрлық көлік дәлізін қалыптастыру осы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашады. Мұндай бастамалар жүк тасымалының жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға, кедендік рәсімдерді оңтайландыруға және логистикалық үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл екі елдің транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, бүкіл өңірдің халықаралық көлік жүйесіндегі бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға жағдай жасайды.

Энергетика саласындағы, соның ішінде атом энергетикасы бағытындағы ынтымақтастықтың да стратегиялық маңызы бар. Себебі цифрлық инфрақұрылымның дамуы, деректерді өңдеу орталықтарының көбеюі және жасанды интеллект технологияларының кеңінен қолданылуы тұрақты әрі сенімді энергия көздеріне деген сұранысты арттырады. Сондықтан энергетикалық жобаларды жүзеге асыру цифрлық экономиканың ұзақ мерзімді дамуы үшін де маңызды негіз қалыптастырады.

Осы ауқымды жобаларды жүзеге асыруда дипломатиялық үйлестіру мен жоғары деңгейдегі өзара түсіністіктің орны ерекше. Өйткені трансшекаралық бастамалар техникалық стандарттарды сәйкестендіруді, киберқауіпсіздік талаптарын келісуді және деректерді қорғау мәселелеріне ортақ көзқарас қалыптастыруды қажет етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық әріптестермен тікелей диалог орнатуға және өзара тиімді шешімдер табуға бағытталған дипломатиялық ұстанымы осындай мәселелерді жүйелі түрде талқылауға мүмкіндік береді. Мұның нәтижесінде әкімшілік кедергілерді азайтып, әр мемлекеттің ұлттық мүддесін ескере отырып, бірлескен жобаларды тиімді іске асыруға қолайлы жағдай қалыптасады.