Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Семейде жаңа туған сәбиін қоқысқа тастаған әкесі өмір бойына сотталды

Семейде жаңа туған сәбиін қоқысқа тастаған әкесі өмір бойына сотталды
Фото: freepik

Абай облысында жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Сәбиді қоқыс жәшігіне тастаған әкесі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал баланың анасы екі жылға сотталғанымен, рақымшылыққа байланысты жазасын өтеуден босатылды, деп хабарлайды ult.kz.

Сот мәліметінше, Семейдегі қоқыс жәшіктерінің бірінен жаңа туған нәрестенің мәйіті табылған. Сотқа дейінгі тергеу барысында оқиғаның мән-жайы анықталған.

Тергеу материалдарына сәйкес, сәби дүниеге келгеннен кейін ер адам оны көлікпен алып кетіп, қоқыс жәшігіне тастаған. Сот-медициналық сараптама нәрестенің тірі туғанын анықтады. Кейін ол суыққа тоңып, үсіп қайтыс болған.

Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігімен (жас баланы өлтіру) кінәлі деп таныды. Осы бапта көзделген жазаға сәйкес, оған аса қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал баланың анасы Қылмыстық кодекстің 100-бабы (ананың жаңа туған баласын өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сот оның жасаған әрекеті ауырлығы орташа қылмыс санатына жататынын және рақымшылық туралы заң талаптарына сәйкес келетінін ескеріп, жазаны өтеуден босатты.

Сот үкімі заңды күшіне енді.