Атырау облысында төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот жарыссөзі басталды, деп хабарлайды ult.kz, Qaz365.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұрады.
Тергеу мәліметінше, Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасын, ағасы мен әпкесін өлтірді деп айыпталып отыр. Қайғылы оқиға 2025 жылдың соңында Атырау облысы Жангелдин ауылында болған.
Соттағы жарыссөз барысында прокурор бұл қылмыстың аса ауыр екенін және қоғамға зор зардап әкелгенін атап өтті.
«Сәрсемәлиевтің әрекетінен бір отбасының төрт мүшесі қаза тапты. Айыпталушы осы әулеттің күйеу баласы болған. Марқұмдар оған сенім артқан, алайда ол өзіне сенген адамдардың өміріне қол сұқты», - деді мемлекеттік айыптаушы.
Прокурордың айтуынша, бұл оқиға тұтас бір әулеттің тағдырын ойрандап, қоғамға ауыр моральдық соққы әкелген.
Сөз соңында мемлекеттік айыптаушы соттан Сұлтан Сәрсемәлиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.