Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін көпшіліктің ықыласына бөленген 3 жасар Әміренің арманына бір табан жақындауына мүмкіндік туды, деп хабарлайды ult.kz.
LRT вагонында түсірілген видеода бүлдіршін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туралы жылы лебізін білдіріп, оны сағынғанын айтқан болатын. Баланың шынайы сөзі желі қолданушыларының жүрегін елжіретіп, қысқа уақытта кең тарады.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Жеңіс Қасымбек кішкентай Әміремен арнайы кездесіп, оған Президенттің атынан Алғыс хат пен естелік сыйлықтарды табыс етті.
Әкім бүлдіршінді мерекемен құттықтап, оған жарқын болашақ пен зор денсаулық тіледі.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде LRT ішінде түсірілген видеода Әміре Мемлекет басшысымен кездесуді қалайтынын айтып, көпшіліктің назарын аударған еді. Баланың шынайы эмоциясы мен аңғал тілегі қоғамда қызу талқыланып, ақыры Президент әкімшілігінің де назарынан тыс қалмады.