Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында ЖИ технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды ult.kz.
Президент жақында АҚШ президенті Дональд Трамп пен ірі технологиялық компаниялардың басшылары қол қойған жасанды интеллектінің озық технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту жөніндегі ерікті келісімнің стратегиялық маңызына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы дер кезінде көтерілген маңызды қадам деп бағалап, жасанды интеллектіге қатысты қауіп-қатерлердің мемлекеттік шекараға бағынбайтынын атап өтті.
«Сондықтан мемлекеттер мен бизнес қауымдастық тарапынан үйлесімді әрекет қажет. Вашингтонда қол қойылған келісімді сарапшылар мұқият зерделеген соң мүдделі мемлекеттер жасанды интеллект саласын жаһандық деңгейде реттейтін үлгі ретінде қарастыруына болады», – деді Президент.
Мемлекет басшысы «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз болуға лайық екенін айтты.
Сонымен қатар Қазақстанның жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту ұстанымын атап өтті.
– Осы орайда, аталған мәселе бойынша сындарлы халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсына аламыз. Кеңес іс жүзінде маңызды екенін көрсетті. Сондықтан Кеңес мүшелерінен қысқа мерзім ішінде Қазақстанның осы салаға қатысты халықаралық бастамасына нақты ұсыныс беруді сұраймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ортақ ұстаным биыл желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылатынын мәлімдеді. Қазақстан Президентінің саммитке қатысуы АҚШ тарапынан шақырылғаны бұған дейін хабарланған.