Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ult.kz.
Салтанатты шара барысында Қазақстанның Әнұраны шырқалып, көк байрақ көтерілді. Президент Мемлекеттік рәміздер күні әрбір қазақстандық үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Көк туымыз – Тәуелсіздіктің тұмары. Елтаңба – елдігіміздің белгісі, Әнұран – халқымыздың айбынды үні. Бұл үш рәміз – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ұлттық рәміздерді құрметтеу отаншылдықтың басты көрінісі екенін айтып, олардың мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Оның сөзінше, Үкімет жақын уақытта мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне қатысты қаулыға өзгерістер енгізеді.
Мемлекет басшысы сондай-ақ жаңа Конституция әділетті Қазақстан құру жолындағы берік негізге айналғанын атап өтті.
Айта кетейік, 4 маусым – Қазақстандағы Мемлекеттік рәміздер күні. Биыл тәуелсіз Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұранының қабылданғанына 34 жыл толды. Қазақстанның көк байрағы Reddit платформасындағы халықаралық онлайн-турнирде әлемдегі ең үздік мемлекеттік ту деп танылған. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің көшірмелері Арктикалық дүниежүзілік архивте сақтаулы.