Петропавлда 13 жастағы қызға қатысты қылмыс: ер адам өмір бойына, әйелі 20 жылға сотталды

Петропавлда 13 жастағы қызға қатысты қылмыс: ер адам өмір бойына, әйелі 20 жылға сотталды
ашық дереккөзден

Петропавлда 13 жастағы қызға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық жасаған 37 жастағы ер адам мен оның 32 жастағы әйелі сотталды. Ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылса, әйеліне 20 жыл жаза тағайындалды, деп хабарлайды ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, ерлі-зайыпты Петропавлдағы Жұмысшы кентінде тұрған. Ер адам кондитер, ал әйелі санитар болып жұмыс істеген. Олардың екі баласы бар.

Оқиға болған күні ер адамның үйіне туысы 13 жастағы таныс қызымен бірге қонаққа келген. Кейін кәмелетке толмаған қызға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық жасалған.

Оқиға туралы қыздың ата-анасы білгеннен кейін полицияға арызданған. Кәмелетке толмаған жәбірленушіге қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырыстары жабық режимде өтті.

Сот ер адамды кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Ал оның әйелі қылмысқа жәрдемдескені үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың талабын қанағаттандырып, сотталғандарды қызға келтірілген моральдық зиян үшін 6 млн теңге төлеуге міндеттеді. Бұған қоса, сот сараптамаларын жүргізуге жұмсалған **3,6 млн теңге шығынды** да сотталғандар өтейді.

Сот олардың екі баласына қатысты да жеке қаулы шығарып, олардың екеуін де қорғаншылық және қамқоршылық органдарына беруді тапсырды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.