Перизат Қайраттың туыстарының Дубайдағы пәтерлері қандай ақшаға алынған?

Перизат Қайраттың туыстарының Дубайдағы пәтерлері қандай ақшаға алынған?
Фото: әлеуметтік желі

Перизат Қайраттың туыстарының Дубайдағы пәтерлері қайырымдылық ақшасына алынбаған болып шықты, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған дейін желіде Перизат Қайраттың туыстарына Дубайда бірнеше пәтер тиесілі екені туралы ақпарат тараған.

Қаржылық мониторинг агенттігі пәтерлер қайырымдылыққа жиналған ақшаға сатып алынған болуы мүмкін деген болжамды тексерген. Алайда бұл ақпарат расталмады.

Агенттік мәліметінше,  пәтерлер 2011-2019 жылдары, яғни «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылғанға дейін сатып алынған.

Тергеуде Перизат Қайраттың туыстарымен қаржылық есеп айырысу жүргізгені анықталмаған. Олар одан және анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлікпен дербес айналысқан.

Перизат Қайрат кім? 
 

Перизат Қайрат - «Biz birgemiz» қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі. Ол қайырымдылық жобаларын ұйымдастырып, көмекке мұқтаж адамдарға қаражат жинаумен танылған. Кейін қайырымдылық қаржысына қатысты қылмыстық іс арқылы қоғам назарын аударды.

2025 жылғы 25 шілдеде Астана соты оны аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ мүлкін тәркілеу және 10 жыл бойы қайырымдылық қызметімен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Кейін апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.