Павлодар облысында сүт фермасында алты жұмысшының қаза болуына байланысты үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың арасында «Aktogai Milk» ЖШС бас директоры, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьевтің бар екені хабарланды.
Павлодар облысының полиция департаменті бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Алайда ведомство ұсталғандардың нақты кім екенін тергеу мүддесіне байланысты жарияламады.
Оқиға 20 шілдеде Павлодар облысы Жоламан ауылындағы «Aktogai Milk» ЖШС аумағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, кәріз құдығында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде адамдар улы заттан уланып, қаза болуы мүмкін.
Қайтыс болған алты адамның арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да болған. Тағы бір, 38 жастағы жұмысшы зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген.
Алдын ала ақпарат бойынша, ұсталғандардың қатарында кәсіпорынның атқарушы директоры мен еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженері де бар.
Тергеу барысында қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Бұған дейін 17 жастағы жасөспірімнің кәсіпорында ресми түрде бағбан болып жұмыс істегені және оқиға болған жерде болмауы тиіс болғаны хабарланған.
Александр Терентьев бұған дейін қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсетілетінін мәлімдеген. 9 тамызда ол қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына 10 млн теңгеден біржолғы төлем берілгенін хабарлады. Төрт балаға кәмелетке толғанға дейін ай сайынғы төлем тағайындалған.
Сондай-ақ қыркүйек айының соңына дейін қаза болғандардың балаларына Павлодардан пәтер сатып алу және отбасыларының несиелерін өтеуге шамамен 30 млн теңге бөлу жоспарланған.
Тергеу жалғасып жатыр.