Павлодар облысында кәріз құдығында болған апаттан алты жұмысшы қаза тапты

Павлодар облысында кәріз құдығында болған апаттан алты жұмысшы қаза тапты
Polisia.kz

Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылында орналасқан Aqtogai Milk ЖШС аумағында болған қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, кәсіпорын аумағындағы кәріз құдығында электр сорғысын жөндеу кезінде алты жұмысшы қаза тауып, тағы бір адам зардап шеккен.

Облыстық жедел жәрдем стансасының хабарлауынша, шақырту 20 шілде күні сағат 12:01-де түскен. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері 1963, 1975, 1983, 1998, 2006 және 2009 жылы туған алты ер адамның оқиға орнында көз жұмғанын анықтаған.

1988 жылы туған тағы бір жұмысшы Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оған орташа ауырлықтағы көмірқышқыл газымен улану диагнозын қойған. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты, оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Облыс орталығына тасымалдау қажет емес.

Павлодар облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады ведомство.

Тергеу амалдары жалғасып, қайғылы оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Жезқазғанда құдық ішіндегі газдан жұмысшының қаза тапқаны туралы хабарланған болатын.