Павлодар облысында өндірістік апаттан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына және зардап шеккен қызметкерге қажетті қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды ult.kz.
20 шілде күні Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы «AQTOGAI MILK» ЖШС аумағында өндірістік жабдықтарға қызмет көрсету кезінде жазатайым оқиға болып, салдарынан алты адам көз жұмды. Тағы бір қызметкер түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр.
Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Үкіметтің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері енді.
Комиссияға жазатайым оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерттеп, себептерін анықтау және осындай қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Үкіметтің мәліметінше, қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары мен зардап шеккен азаматқа мемлекеттік органдар және жұмыс беруші тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі. Компания материалдық көмек берумен қатар, биылғы жылдың соңына дейін қаза болған қызметкерлердің жалақысы көлеміндегі төлемдерді сақтауға және олардың несие міндеттемелерін өтеуге міндеттеме алған.
Сонымен бірге жұмыс беруші қаза тапқан қызметкерлердің кәмелетке толмаған балаларының кәмелеттік жасқа толғанға дейінгі күтімі мен білім алуына байланысты барлық шығынды өз мойнына алатынын мәлімдеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Павлодар облысына барып, оқиға орнында болып, өңір басшылығы мен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатысуымен үйлестіру кеңесін өткізді. Сондай-ақ министр қаза тапқандардың туыстарымен кездесіп, көңіл айтып, мемлекет тарапынан қажетті қолдау толық көрсетілетінін жеткізді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігі («Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысы Үкіметтің бақылауында болады.