Өзбекстанда зейнетке шығу жасы кезең-кезеңімен көтерілуі мүмкін

Өзбекстанда зейнетке шығу жасы кезең-кезеңімен көтерілуі мүмкін
ашық дереккөз

Өзбекстанда зейнет жасын кезең-кезеңімен арттыру жоспарланып отыр. Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша ерлер 60 жаста, әйелдер 55 жаста зейнетке шығады, деп хабарлайды ult.kz.

Өзбекстанда бұл өзгеріс президент жарлығының жобасында қарастырылған.

Жобаға сәйкес, 2028 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнет жасы жыл сайын үш айға ұлғайтылады. Нәтижесінде 2039 жылға қарай ерлердің зейнетке шығу жасы 63 жасқа, әйелдердікі 58 жасқа жетуі тиіс.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап зейнетақы тағайындау үшін қажетті ең төменгі еңбек өтілін де біртіндеп арттыру ұсынылып отыр. Қазіргі жеті жылдық талап 2034 жылға қарай 15 жылға жеткізілмек.

Ең төменгі еңбек өтілі жиналмаған азаматтарға жалпы белгіленген зейнет жасына жеткеннен кейін бес жылдан соң жасына байланысты жәрдемақы алу мүмкіндігі қарастырылған.

Жоба бойынша зейнеталды жастағы азаматтарға да қосымша кепілдіктер беріледі. Жұмыс берушілер адамды тек зейнеталды жасына байланысты жұмыстан шығара немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарта алмайды.

Ал жұмыссыз ретінде танылған азаматтар үшін зейнетке екі жыл ерте шығу мүмкіндігі сақталады.

Сондай-ақ жер астында, зиянды және ауыр жағдайда толық жұмыс күні еңбек ететін қызметкерлерге арналған жеңілдіктер де сақталмақ.

Бұдан бөлек, зейнет жасын арттыруға қарамастан, ерлер 60 жастан, әйелдер 55 жастан бастап жеке зейнетақы шоттарында жинақталған қаражатын ала алады.