"Отыз ұлды орда бол": Тұрсынбек Қабатовқа концерт кезінде ақсақал ерекше бата берді

"Отыз ұлды орда бол": Тұрсынбек Қабатовқа концерт кезінде ақсақал ерекше бата берді
Тұрсынбек Қабатов. Фото: instagram.com/ tursynbek_qabatov

Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың концертінде көпшіліктің көңілін толқытқан ерекше сәт болды. Өнер иесіне жасы үлкен қария ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Әзілкеш бұл әсерлі сәттің видеосын әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялаған. Бейнежазбада ақсақалдың көпшілік алдында қол жайып, Тұрсынбек Қабатовқа ақ тілегін арнағанын көруге болады.

Қария өнер иесінің алдағы өміріне жақсылық тілеп, ел алдындағы абыройы арта беруін сұраған.

"Жаманшылыққа баспасын, жақсылыққа бастасын. Мал иесі – Мұхаммед, жан иесі – Хазірет, еткен ниет қабыл ет, шалқар көлдей көп болсын – қымыз бенен айраның. Атағың мен атыңнан жұртқа тисін қайраның. Айдағысыз малды бол, отыз ұлды орда бол, патшадай ұлды бол! Таба алмастан малды бол!" – деп бата берді ақсақал.

Тұрсынбек Қабатов қарияның тілегін құрметпен тыңдап, қолын жайып, соңында "Әумин" деп батасын қабыл алды.

Тұрсынбек Қабатов концерттік тур өткізіп жүр

Айта кетейік, биыл 47 жасқа толған әзілкеш туған күніне орай ауқымды концерттік тур ұйымдастырған.

Бұған дейін өнер иесінің туған күнін туған жері Орал қаласында ерекше атап өткені хабарланған. Әзілкеш көрермендерімен кездесіп, шығармашылық бағдарламасын ұсынған.

Тұрсынбек Қабатов кім?

Тұрсынбек Қабатов – қазақстандық танымал әзілкеш, актер, тележүргізуші және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Толық аты-жөні – Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов. Ол 1979 жылғы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келген. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастаған. 2001 жылдан бастап Көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетіп, "Аграрка сарбаздары", "Астана.kz" және "Қазақи" командаларының құрамында ойнаған.

2010 жылы ТМД елдерінің үздік КВН ойыншысы атағына ие болған

2011 жылдан бастап "Әзіл әлемі" әзіл-сықақ театрына жетекшілік еткен.

2014 жылы Қазталов ауданының құрметті азаматы атанып, 2015 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алған.

Өнер иесі күнделікті тұрмыс пен қоғамдағы түрлі жағдайларды әзілге арқау етіп, жеке концерттері мен телевизиялық жобалары арқылы көпшілікке танылған.