Freedom Inside '26

Өртенген полицейдің әйелі бұрынғы сұхбатында не деген? (ВИДЕО)

Өртенген полицейдің әйелі бұрынғы сұхбатында не деген? (ВИДЕО)
Коллаж: ult.kz

Осыдан екі жыл бұрын Әлсеровтер отбасы көпшілікке үлгілі полиция әулеті ретінде таныстырылған еді. «Қайырлы таң, Қазақстан» бағдарламасына қатысқан ерлі-зайыпты Аслан мен Арайлым Әлсеровтер жеті баласымен бірге отбасылық өмірі мен қызмет жолы жайлы әңгімелескен болатын, деп хабарлайды ult.kz.

Бағдарлама барысында Аслан Әлсеров еңбек жолын 2008 жылы Алматы қаласының патрульдік полициясында бастағанын, ал болашақ жары Арайлыммен дәл сол қызметте танысқанын айтқан. Уақыт өте келе әріптестік сыйластыққа, кейін берік отбасыға ұласқан.

Сол сұхбатта Арайлым Әлсерова жолдасын таңдауының себебін де бөліскен еді.

«Көпшілік маған бойы ұзын, сымбатты жігітті таңдадың деп айтып жатады. Бірақ мен үшін ең бастысы – оның сабырлы, салмақты әрі батыл мінезі болды. Осындай қасиеттері үшін таңдадым», – деген болатын ол.

Әлсеровтер отбасы тек құқық қорғау саласында ғана емес, спорттағы жетістіктерімен де танылған. Аслан Әлсеров грек-рим күресімен айналысса, жұбайы Арайлым Әлсерова джиу-джитсудан Қазақстанның алты дүркін чемпионы атанған. Балалары да ата-анасының жолын жалғастырып, джиу-джитсу, дзюдо және самбо спорт түрлерінен халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген, ал қыздары спортпен қатар шығармашылықпен де айналысады.

Бағдарламада олардың үлкен қызы Еркежан Қалиақпарова әкесін талапшыл әрі тәртіпті адам ретінде сипаттаса, анасының мейірімділігі мен қамқорлығын ерекше атап өткен еді.

Еске салайық, қоғамда үлкен резонанс тудырған аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің қазасына қатысты тергеу амалдары әлі де жалғасып жатыр.