“Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген қағида Қытайдың ұзақмерзімді жоспарының бір бөлігі іспеттес. Бүгінде жаңа технологияның дамуы жағынан қарыштап кеткен күншығыс елі бұл жетістікке ғылым-білімді жолға қойғанының арқасында жетіп отыр деуге болады. Білімді ұрпақ тәрбиелелеуге ҚХР азаматтары балабақша табалдырығынан бастап зор көңіл бөлетінін ult.kz тілшісі Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына барған сапарында көз жеткізіп қайтты.
Сапар барысында қазақстандық тілшілер жасанды интеллектіні дамытып отырған бірнеше кәсіпорынға бас сұққан еді, қазіргі көптеген мамандықты технология алмастыра алатынына куә болды. Бұл ретте «болашақта адамға қандай мамандықтар қалады?» деген заңды сұрақ туындайды. Дегенмен әлемді дамыту үшін мамандықты сақтап қалатын емес, жаңа мамандықтар ойлап табатын креаторлар қажет шығар?
Бүгінде өзгермелі қоғамға тез бейімделетін, жаңаша ойлай алатын, технологияны меңгеріп қана қоймай, оны жаңа идеялар жасауға пайдалана білетін адамдар қажет екені анық.
Осы ретте Қытай білім беру жүйесі жаттанды білім, қасаң түсініктен арылып, шығармашылық даму, креативті ойлау қабілетін дамытуға баса назар аударатын көрінеді. Мұны Үрімжі қаласының Тяньшань ауданында 1949 жылы құрылған «Хунци» (қазақша атауы — «Қызыл Ту») балабақшасынан байқауға болады екен.
Балабақша басшылары мекемені тарихы терең, білім беру саласында қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар мемлекеттік үлгілі балабақша деп таныстырды.
Мекеменің бастапқы атауы — «Дихуа қаласындағы екінші әйелдер орта мектебі жанындағы балалар үйі». 1960 жылы оған қазіргі атауы берілді.
Қазіргі уақытта балабақша 4442,60 шаршы метр аумақты алып жатыр, ал ғимараттарының жалпы алаңы 6776,14 шаршы метрді құрайды. Мұнда 14 оқу тобы жұмыс істейді, оларда 512 бала тәрбиеленіп жатыр.

Фото: ult.kz
«Қызыл Ту» балабақшасының ең басты ерекшеліктерінің бірі – оның көпэтносты құрамы, деп отыр балабақша меңгерушісінің орынбасары Хуа Йоң ханым.
«Мұнда ұйғыр, хан, хуэй, қазақ, моңғол, өзбек, қырғыз және басқа да ұлттардың балалары тәрбиеленеді. Түрлі этнос өкілдерінің балалары бірге өмір сүріп, білім алып, өсіп-өнеді. Бұл балаларды этносаралық бірлік рухында тәрбиелеуге табиғи орта қалыптастырады. Балабақша өз қызметі үшін автономиялық аудан деңгейінде бірнеше рет «Қостілді білім беру саласындағы озық ұжым» және «Этносаралық бірлік саласындағы озық ұжым» атақтарына ие болған.
Шыңжаңда мектепке дейінгі қостілді білім беруді белсенді енгізу аясында «Қызыл Ту» балабақшасы әрдайым жетекші әрі үлгі көрсетуші рөл атқарып келеді. Қостілді оқыту тек жекелеген тіл сабақтарымен шектелмей, балабақшаны басқару жүйесіне, тәрбие процесіне, дамытушы ортаны қалыптастыруға және білім берудің бес негізгі бағытына толықтай енгізілген», – дейді балабақша меңгерушісінің орынбасары.

Фото: ult.kz
Аталған балабақшада отыз жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан тәрбиеші Айгүл Мәдиқызы балабақшада қазақ балалар да бар екенін айтады. Ол мекеменің ерекшелігі туралы айтып берді.
«Біздің балабақшамыздың тарихы тереңде жатыр. Бұл балабақшада балалар негізінен мемлекеттік тілде оқиды. Біз балалардың әсіресе шығармашылық дамуына көп көңіл бөлеміз», - дейлді ол.
Айгүл Мәдиқызының айтуынша жергілікті қазақтар бұл жақта негізінен отбасында ана тілінде сөйлесіп, ұлттық дәстүрлерін ұстанады екен.
Балабақшаның өзіндік ерекшелігін айқындайтын негізгі бағыттар – «қостілді оқыту» мен «ұлттық билер».
Қазақстандық журналистер әр топтағы балалардың түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық киімін киіп, би үйреніп жатқанын көріп сүйсінді.

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz
Балабақша ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізеді. Сондай-ақ мемлекеттік педагогтердің біліктілігін арттыру бағдарламасы аясында практикалық тағылымдамалар өткізу үшін бірнеше рет алаң ретінде пайдаланылып, Шыңжаңның түкпір-түкпірінен мұғалімдерді қабылдаған.
«Сонымен қатар балабақша оқу-тәрбие процесіне Шыңжаңның жергілікті бейнелеу өнері элементтерін белсенді енгізеді. Ересек топтағы балалар халықтық қолөнер түрлерімен және сәулет өнерімен танысады. Балалар дәстүрлі қытай мәдениетін де меңгереді: Бейжің операсымен танысып, матаны бояудың дәстүрлі «чжажань» техникасын үйренеді, гүл шайын дайындау тәсілін меңгереді. Мұның барлығы ұлттық дәстүрлер мен бүкілқытайлық мәдени мұраны үйлесімді сабақтастыруға мүмкіндік береді.
Балабақшаға келген қонақтар мұндағы тәрбие сапасын басқару жүйесінің қатаң әрі ғылыми негізде құрылғанын, ал дамытушы ортаның балаға бағытталғанын атап өтеді. Тақырыптық аймақтар балалардың қызығушылығы мен білім алу мүмкіндігін ұштастыратындай етіп мұқият ұйымдастырылған. Мұнда «өмірдің әрбір сәті – сабақ» деген қағида толық жүзеге асқан», – дейді Хуа Йоң ханым.
Аспаздықты үйренетін бөлмеде балалардың бір бөлігі ұйғыр нанын дайындап жатса, келесі бөлмеде бүлдіршіндер шай ішу рәсімін өткізіп жатыр.

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz
Тағы бір бөлмеде бүлдіршіндерге сағаттап лего құрастырып ойнауға рұқсат. Хуа Йоң ханымның сөзінше балалармен жұмыс барысында тәрбиешілер кәсіби шеберлік пен педагогикалық байыптылық танытады.

Фото: ult.kz
Меңгеруші орынбасарының сөзінше тәрбиешілер балаларды шыдамдылықпен тыңдап, қажет кезінде бағыт-бағдар беріп, олардың бастамаларын қолдайды. Серуен кезінде педагогтер балалардың өзара ынтымақтастық дағдыларын қалыптастыруға және бір-бірімен бөлісуге дайын болуына ерекше мән береді, олардың дербестігін құрметтейді.
Қоршаған ортаны күтіп ұстау мәселесінде балаларды ортақ мүлікке ұқыпты қарауға үйретеді. Мұның бәрі балабақшаның басты қағидасын – «Балалардың өз тәжірибесі арқылы дені сау болып өсуіне мүмкіндік беру» ұстанымын көрсетеді.

Фото: ult.kz
Балабақшаның даму мақсаты: «Автономиялық ауданның ерекшеліктеріне сүйене отырып, “Қызыл Ту” балабақшасының үздік дәстүрлерін сақтап, Шыңжаңға тән ерекшеліктері бар мектепке дейінгі білім беруді дамытудың өзіндік жолын қалыптастыру» екенін Хуа Йоң ханым айтты.

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz