Оман Сұлтаны Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді

Оман Сұлтаны Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әуежайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты қарсы алды, деп хабарлайды ult.kz.

Оман Сұлтаны мінген ұшақты Қазақстан Республикасы Әскери әуе күштерінің ұшақтары мемлекеттік шекарадан елордаға дейін қапталдай ұшты.

Мәртебелі мейманды қарсы алу рәсіміне Құрмет қарауылы ротасы мен Президент оркестрі қатысты.

Тоқаев: Сапардың тарихи мәні бар

Әуежайдағы қысқаша кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанының сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту тұрғысынан тарихи мәнге ие екенін атап өтті.

Президент Оманның экономикасын дамытуда айтарлықтай жетістікке жеткенін, халықаралық аренада белсенді әрі конструктивті мемлекет ретінде танылғанын айтты.

«Мемлекеттеріміз арасындағы серіктестіктің әлеуеті зор екеніне сенімдімін. Алдымызда ынтымақтастық аясын мейлінше кеңейту міндеті тұр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Оман Сұлтаны қонақжайлық танытқаны үшін Президентке алғыс айтып, ертеңгі келіссөздердің мазмұнды әрі нәтижелі өтетініне сенім білдірді.

Бірқатар құжатқа қол қойылады

Сапар аясында Қазақстан мен Оман басшыларының жоғары деңгейдегі келіссөздері өтеді.

Сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қою және мемлекеттер басшыларының қазақ-оман бизнес форумына қатысуы жоспарланған.