Марқұм Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты тың ақпарат тарады, деп хабарлайды ult.kz.
Сот тікелей эфирде өтпейтін болды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты айтты.
“Нұрайдың ісі бойынша сот тікелей эфирде өткізуден бас тартты. Алайда журналистерге сотқа қатысуға, түсіруге кедергі жоқ екендігін жеткізді. Сот отырыстары әр аптаның сейсенбі және жұма күндері таңертеңгі сағат 10:00-де өтетін болды”, - деп жазды Аянхан Омаров.
Қоғамды дүр сілкінткен іс
Нұрай Серікбай – Шымкент қаласында білім алып жүрген 21 жастағы студент болған. Қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтарда орын алды. Тергеу мәліметінше, қыз танысы тарапынан пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған. Күдікті көп ұзамай ұсталып, оған қатысты адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыс қоғамда үлкен наразылық туғызды. Әлеуметтік желілерде мыңдаған адам әділ тергеу жүргізуді талап етті. Марқұмның туыстары алғашқы күннен бастап істің ашық қаралуын сұрап, кейбір жайттардың толық зерттелмегенін бірнеше рет мәлімдеді. Олардың айтуынша, қылмыстың мән-жайын жан-жақты тексеру қажет болған.
Оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігі қызметтік тексеру жүргізді. Нәтижесінде Шымкент қалалық полиция департаментінің бірқатар басшылары қызметінен босатылып, кейбір полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында оқиға туралы хабарламаларға дер кезінде әрекет етпеу және қызметтік міндеттерді тиісінше орындамау фактілері тексерілгені хабарланды.
Сонымен қатар, қоғамда күдіктінің психикалық жағдайына қатысты мәселелер де қызу талқыланды. Тергеу барысында оған сот-психиатриялық сараптама тағайындалып, белгілі бір кезеңде арнайы медициналық мекемеге орналастырылды. Кейін сараптама қорытындысы бойынша оның қылмыс жасаған кезде ақыл-есі дұрыс болғаны туралы мәлімет жарияланды.
2026 жылдың маусым айында Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Жәбірленуші тараптың адвокаты істің бірнеше томнан тұратын материалдарымен танысқанын мәлімдеді.