Нұрай Серікбай ісінде күдіктінің марқұмға қандай қысым көрсеткені айтылды

Нұрай Серікбай ісінде күдіктінің марқұмға қандай қысым көрсеткені айтылды
Коллаж: әлеуметтік желі

Сот отырысында прокурор айыптау актісін жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ер адам 21 жастағы Нұрайды 2025 жылдың жазынан бастап аңдыған. Қазан айында оны Алматыдан өз еркінен тыс алып кеткен. Сондай-ақ 7-11 қазан аралығында оған кемінде 154 рет қоңырау шалған.

Айыптау нұсқасы бойынша, 11 қаңтарда күдікті Нұрайға 35 жерден пышақ сұғып, салдарынан бойжеткен оқиға орнында көз жұмған.

Егер кінәсі дәлелденсе, сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Сондай-ақ жәбірленуші тараптың адвокаты соттың бұл іс бойынша тікелей эфир ұйымдастырудан бас тартқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, қылмыс қоғамда үлкен наразылық туғызды. Әлеуметтік желілерде мыңдаған адам әділ тергеу жүргізуді талап етті. Марқұмның туыстары алғашқы күннен бастап істің ашық қаралуын сұрап, кейбір жайттардың толық зерттелмегенін бірнеше рет мәлімдеді. Олардың айтуынша, қылмыстың мән-жайын жан-жақты тексеру қажет болған. 

Оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігі қызметтік тексеру жүргізді. Нәтижесінде Шымкент қалалық полиция департаментінің бірқатар басшылары қызметінен босатылып, кейбір полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында оқиға туралы хабарламаларға дер кезінде әрекет етпеу және қызметтік міндеттерді тиісінше орындамау фактілері тексерілгені хабарланды. 

Сонымен қатар, қоғамда күдіктінің психикалық жағдайына қатысты мәселелер де қызу талқыланды. Тергеу барысында оған сот-психиатриялық сараптама тағайындалып, белгілі бір кезеңде арнайы медициналық мекемеге орналастырылды. Кейін сараптама қорытындысы бойынша оның қылмыс жасаған кезде ақыл-есі дұрыс болғаны туралы мәлімет жарияланды.