«Назарбаевты орға жықты» – Бекболат Тілеухан

«Назарбаевты орға жықты» – Бекболат Тілеухан
Фото: видеодан кадр

Мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеухан партия атауына қатысты пікір білдірді. Ол журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында кезінде «Отан» партиясының атауына «Нұр» сөзінің қосылуын сынады, деп хабарлайды ult.kz.

Экс-депутаттың айтуынша, «Отан» атауының өзі қасиетті ұғым болғандықтан, оған қосымша сөз қосудың қажеті болмаған.

«Отан» деген қасиетті ұғым. Оған ештеңе қосудың қажеті жоқ. «Нұр» сөзінің қосылуы Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы жағымпаздардың ісі», – деді Бекболат Тілеухан.

Ол мұндай жағымпаздық тек Қазақстанға тән құбылыс емес екенін де атап өтті. Оның сөзінше, кез келген мемлекет басшысының айналасында басшыға жағынуға тырысатын адамдар болуы мүмкін. Бұған мысал ретінде АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпинді атады.

Тілеуханның айтуынша, оның бұл ұстанымы сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековке ұнамаған.

Алайда экс-депутаттың сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаев оның қарсылығын мансапқа ұмтылудан емес, өз ұстанымынан туған пікір деп қабылдап, кешіріммен қараған.