32 жыл бұрын зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып, қоғамға өз оқиғасын жариялаған Наташа Қалымбетова анасының өмірден өткенін еске алып, сол кезеңнің өзіне ауыр соққы болғанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Наташа тікелей эфирге шығып, жүректі сыздатқан сөздер айтты. Ол өмірден өткен анасына арнап:
«Саған еш кінәң жоқ екенін дәлелдегім келді. Екеуміз сол ауылға бірге барып, барлығына кінәлілердің жазаланғанын, әділдік бар екенін көрсеткім келді. Бірақ үлгермедім», – деді.
Ол журналист Дана Нұржігітке берген сұхбатында 17 жасында анасымен ғана тұрғанын, кейін көп ұзамай анасынан айырылып, өмірде мүлде жалғыз қалғанын жеткізді. Наташаның айтуынша, төрт ағасы болғанымен, әрқайсысы өз тіршілігімен кеткендіктен, қиын кезеңде өзін қолдайтын жан болмаған.
Сұхбат барысында Наташа Қалымбетова анасының өте қатал болғанын да жасырмады.
Еске салайық, Наташа Қалымбетова биыл әлеуметтік желіде 17 жасында бірнеше ер адамның зорлығына ұшырағанын айтып, оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Осыдан кейін құқық қорғау органдары 30 жылдан астам уақыт бұрын болған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын қайта бастаған.