Меркіде көз жұмған келіншектің ісінде маңызды аудиожазба тарады

Меркіде көз жұмған келіншектің ісінде маңызды аудиожазба тарады
Коллаж: видеодан кадр

Мадина Рашидқызының ісінде маңызды аудиожазба тарады, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы журналист Жан Ахмадиев айтты. 

«Мадина ісінде тағы бір маңызды аудиожазба бар. Ақпарат бойынша, Мадиярдың анасы голосовой хабарламада ұлының Мадинаға қол көтергені туралы айтқан. Енді бұл жазбаның түпнұсқалығы тексеріліп, тергеу аясында құқықтық бағасы берілуі тиіс», - дейді ол. 

Аудиожазбада Мадиярдың анасы құдағиына хабарласып, қызының теріс қылықтарын айтқан. «Күйеуін тыңдамағаны үшін таяқ жейді» деген. 

Айта кетейік, Мадина Рашидқызының қырық күндік асы өтті. 

Мадина Рашидқызы кім? 
 

Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы Мадина Рашидқызының қайтыс болуына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Жас келіншектің артында 10 айлық сәбиі қалған.

Мәлімет бойынша, Мадина шамамен екі жыл бұрын тұрмысқа шыққан. Ол күйеуі Мадияр және енесімен бірге Қызыл қыстақ ауылында тұрған. Жас келіншек қайтыс болардан бірнеше күн бұрын жақын құрбысына отбасындағы жағдайға байланысты шағым айтып, күйеуімен жанжалдасқанын жеткізген.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, ерлі-зайыпты арасындағы соңғы жанжал «Барни» тәттісіне байланысты болған. Мадинаның құрбысына жазған хабарламаларында күйеуінің оған қол көтергені және келіншектің одан кеткісі келгені айтылған. Бұл мәліметтер қазір тергеу барысында тексеріліп жатыр.

Мадинаның жақындары оның өліміне қатысты бірқатар күмәні барын айтып, оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауды талап етуде. Туыстары марқұмның денесінде көгерген және жарақат белгілерін байқағанын мәлімдеген. Алайда бұл жайттарға қатысты сот-медициналық сараптаманың толық қорытындысы көпшілікке жарияланған жоқ.

Қайғылы жағдайдан кейін Мадинаның анасы 10 айлық немересін көруге барған. Алайда оның баламен кездесуіне қатысты да дау туындаған. Қазір марқұмның анасы қызынан қалған сәбиін көруге мүмкіндік беруді сұрап отыр.

Құқық қорғау органдары Мадинаның өлімі бойынша «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу барысында оның өліміне не себеп болғаны, оқиғаға кімдердің қатысы бар екені және бұған дейін отбасында қандай жағдайлар болғаны анықталмақ.

Қазіргі таңда істің нақты мән-жайы тергеу нәтижесінде белгілі болады.