«Менің ондай бала тууым мүмкін емес»: Төреғалидің әйелі ерекше қызы туралы жан сырын ақтарды

«Менің ондай бала тууым мүмкін емес»: Төреғалидің әйелі ерекше қызы туралы жан сырын ақтарды
Сурет ашық дереккөзден алынған

Танымал әнші Төреғали Төреәлінің жұбайы Толқын әлеуметтік желідегі парақшасында ерекше қызы Кәусар туралы әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Ult.kz, Sn.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, тұңғыш қызы дүниеге келгеннен кейін өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгерген.

«Өз-өзіме сұрақ қойдым. Медицинадан басқа ештеңе көмектеспесе, мен осындай баламен қалай өмір сүремін? Кәусар дүниеге келгені Толқынды 360 градусқа өзгертті. Қазіргі Толқынның жолын бастап берген сол Кәусар десем қателеспеймін», - деді ол.

Толқын алғашында қызының диагнозын қабылдау оңай болмағанын жасырмады.

«Ең біріншіден, Кәусар дүниеге келгеннен бастап мен шағымданбауды үйрендім. Бастапқы уақытта қиын болды. Қабылдамау, қарсылық болды. “Менің ондай бала тууым мүмкін емес. Менің баламның диагнозының бар болуына мен лайықты емеспін” деген үлкен қарсылық болды. Бірақ уақыт өте қабылдадым. Қабылдау менің дамуыма, білім алуыма әсер етті», - деп жазды ол.

Оның сөзінше, алғашқы бес жыл бойы отбасының бар назары қыздың ем-домына бағытталған.

«Кәусар жүрмесе де, сөйлемесе де өмірге сондай қуанышпен қарайды, тамақ ішсе де сондай бақытпен жейді. Сонда адамның бақытты болуы үшін тек таңдау жасау керектігін түсіндім. Кәусар – менің өмірімдегі ең үлкен сый», - деп түйіндеді Төреғалидің жұбайы.

Желі қолданушылары Толқынның шынайы жазбасына қолдау білдіріп, ерекше баланы тәрбиелеудегі сабыры мен қайсарлығына жылы лебіздерін қалдырды.