«Менде крыша жоқ»: Меруерт Түсіпбаева ашық айтты

«Менде крыша жоқ»: Меруерт Түсіпбаева ашық айтты
Сурет: скриншот

Қазақстандық әнші Меруерт Түсіпбаева депутат болу мәселесіне қатысты өз пікірін ашық айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесінің сөзінше, ол депутаттыққа бармайды. Себебі өзін қолдайтын немесе жоғарыға ұсынатын ықпалды таныстары жоқ екенін жасырмады.

«Менде таныс жоқ. “Крыша” жоқ. Көтермелейтін ешкім жоқ. Мен 55-ке толамын. Павлодар облысынан шыққан жалғыз әншімін. Бірақ жерлестерім де мені қолдамайды. Депутат болу үшін тамыр-таныс керек. Біреудің тартуы керек», – деді ол.

Сонымен қатар әнші депутат болу үшін тек танымал болу жеткіліксіз екенін айтты. Оның пікірінше, заңгер, қаржыгер, экономист секілді салаларды меңгерген мамандар ғана заң шығару ісімен айналысқаны дұрыс.

«Таныс пайда болып, “депутат бол” десе де, мен не істеймін ол жерде? Депутат болу үшін заңгер, қаржыгер, экономист сияқты мамандықтарды оқуым керек еді. Әр адам өз орнында болуы керек. Блогер, биші, әнші, спортшы депутат болуы керек емес. Мен ондайды құптамаймын. Депутат бол десе де болмаймын. Мен дайын емеспін. Білімім жоқ», - деді Меруерт Түсіпбаева.

Әншінің бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бірі оның өз мүмкіндігін шынайы бағалағанын қолдаса, енді бірі өнер адамдарының да халықтың мүддесін қорғай алатынын айтып пікір білдіруде.