«Мемлекет өзі жариялаған»: сотталғандардың суретін тізімге енгізген ер адам дауға қалды

«Мемлекет өзі жариялаған»: сотталғандардың суретін тізімге енгізген ер адам дауға қалды
ашық дереккөзден

Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар туралы мәліметтерді әлеуметтік желіде жариялаған қазақстандыққа қатысты полицияға арыз түсіп, сотқа жүгінген. Бұл туралы Әлімжан Есқараев мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Есқараев бұған дейін кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар жөніндегі ашық ақпараттарды жинай бастаған. Ол мемлекеттік ресурстарда жарияланған фотосуреттер мен тұрғылықты қаласы туралы деректерді біріктіріп, өңірлер бойынша тізімдер жасаған.

Оның әлеуметтік желідегі жазбаларында Ақтау, Орал, Талдықорған, Астана және басқа қалаларда тұратын адамдар туралы мәліметтер бар.

Алайда мұндай жарияланымдардан кейін тізімге енген адамдар мен олардың туыстары Есқараевпен байланысып, ақпарат пен фотосуреттерді өшіруді талап еткен. Оның айтуынша, кейбірі полицияға шағым түсіріп, сотқа да жүгінген.

Шағымданушылардың пайымынша, аталған адамдар жазасын өтеп қойған. Сондықтан олардың суреттері мен жеке деректерінің қайтадан көпшілікке жариялануы қосымша қысымға әкелуі мүмкін.

Есқараев болса, өз әрекетін мемлекеттік органдар бұрыннан ашық жариялаған ақпаратты жинақтау деп түсіндіреді. Ол тізімдегі адамдарды қудалауға, қорқытуға немесе жазалауға шақырмайтынын атап өтті.

«Мен ешкімді қудалауға, қорқытуға немесе өз бетінше жазалауға шақырмаймын. Мен тек мемлекеттік орган бұған дейін жариялаған ақпаратты жинақтап отырмын. Фотосуреттер ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ресми сайтынан алынған», – деді ол.

Есқараевтың сөзінше, жарияланымдардан кейін керісінше, өзі де тізімдегі адамдардың туыстарынан қауіп-қатер туралы хабарламалар алған.

Ол іс сотқа жетсе, сот процесі аясында жариялауға рұқсат етілген материалдарды оқырман назарына ұсынатынын мәлімдеді.