Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ult.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Омбы төрінде қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясындағы бүгінгі жүздесу Қазақстан-Ресей ықпалдастығының негізгі бағыттарындағы жан-жақты диалогты жалғастырып, алдағы қадамдарды нақтылауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
– Біз – аса ірі сауда серіктестеріміз. Былтыр сауда көлемі шамамен 28 миллиард долларды құрады. Биылғы беталысымыз да өте жақсы. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, биыл бес айда өзара сауда көлемінің қарқыны айтарлықтай арта түсті. Ресей экономикамызға инвестиция салатын елдердің арасында көш бастап тұр. Инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында жалпы құны 53 миллиард доллар болатын 177 перспективті өнеркәсіп жобасының тізімі жасақталды. Оның 122-сі іске асырылды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл – көңіл қуантатын жетістік, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы гуманитарлық саладағы ықпалдастық деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалын ашуға қолдау білдіргені үшін Ресей мемлекетінің басшысына ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын бірлесе салу жобасының ағымдағы жағдайы туралы пікір білдірді.
– Маған Балқаш көлі маңында нысан орнын дайындау жұмыстары аяқталуға жақындағанын баяндады. Бұл жоба Қазақстан аумағында энергияның жаңа түрін өндіруге ғана қатысты емес. Ол сонымен қатар мемлекеттеріміздің, ең бастысы, халықтарымыздың және өскелең ұрпақтың арасында алтын көпір болады. Өйткені біз Ресей көмегімен техникалық кадрларды, кейін атом индустриясы сияқты аса күрделі салада жұмыс істейтін жергілікті қазақ мамандарын даярлағымыз келеді, – Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, форум тақырыбы қазіргі халықаралық жағдай тұрғысынан ерекше өзекті.
Оның пікірінше, әлемдегі ең ұзын әрі тұтас құрлық шекарасымен түйіскен Қазақстан мен Ресейге Еуразиядағы көлік-логистика жүйесінің дамуында жетекші рөл атқаруды тағдырдың өзі бұйыртып отыр.
– Бұл – қазіргі өте күрделі геосаяси жағдайда елдеріміздің жаһандық бәсекедегі артықшылығын айқындайтын басты фактор. Біз күш-жігер жұмылдырудың арқасында бұл саладағы барлық міндетті табысты еңсеріп, инфрақұрылымды жүйелі дамытып келеміз әрі транзиттік әлеуетімізді нығайта түстік. Өткен жылы елдеріміз арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалдау 3,5 пайызға артып, 92 миллион тоннаны құрады. Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы транзит тасымалы жандана түсті. Тек соңғы бес жылда Қытай – Ресей – Қытай бағыты бойынша Қазақстан территориясынан өткен контейнерлік тасымалдың көлемі сегіз есе артты. Ресей – Қазақстан – Қытай бағытындағы миллионыншы контейнер елеулі меже болды. Әлбетте, мұнымен шектеліп қалмаймыз. Автомобиль көлігімен тасымалдау да еселене түсті. Былтыр оның көлемі 8,5 миллион тоннадай болған. Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 4,3 миллион тоннаға жетіп, екі еседен аса ұлғайды. Бұл саладағы бірлескен жүйелі жұмысты жалғастырcақ, осы қарқынды сақтап қалуға әбден болады. Мен бұған сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Солтүстік – Оңтүстік дәлізін дамытуға айрықша мән беріліп отырғанына назар аударды. Былтыр бұл тараптағы жүк тасымалы едәуір өскен.
Тағы бір маңызды бағыт – Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ақтөбе – Ұлғайсын жолындағы реконструкция дәліздің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.
– Қолданыстағы цифрлық платформалар базасында «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін пилоттық режимде іске қосуды ұсынамын. Себебі бұл – көлік нөпірі көп бағыттардың бірі. Екі елдің көлік-логистика жүйесін цифрлық тұрғыда тиімді интеграциялау және жаңа технологияларды кеңінен қолдану бізге өзара сауда-саттық көлемін ұлғайтып, көлік ағынын арттыруға және жан-жақты экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Биыл мамыр айында Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жүргізушісіз жүк көліктері алғаш рет екі ел екі ортасында қатынады. Мұны айтулы уақиға деуге болады. Осынау сәтті тәжірибе Қазақстан мен Ресейдің көлік саласындағы серіктестігі жаңа технологиялық деңгейге шыққанын көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.