Freedom Inside '26

Тоқаев «Штрафстан» деген атауға қатысты пікір білдірді

Тоқаев «Штрафстан» деген атауға қатысты пікір білдірді
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде қоғамдық тәртіп пен заңға құрмет мәселесіне ерекше тоқталды, деп хабарлайды ult.kz. 

Президенттің айтуынша, елді мекендерді абаттандыру, аумақтарды көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары тұрақты назарда болуы тиіс. Сондай-ақ туристік нысандар мен табиғи аумақтардағы тәртіпке де қатаң бақылау қажет екенін айтты.

– Тәртіп бұзушыларды, яғни вандалдарды заңға сәйкес жауапқа тарту қажет. Бір сөзбен, құқықтық нигилизмге қоғам болып қарсы тұруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев заңға бағыну жазадан қорқумен емес, азаматтық жауапкершілікпен байланысты екенін атап өтті.

– Заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, бұл – ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін татулық пен тұрақтылықтың маңызы зор екенін айтты. Оның сөзінше, заң үстемдігі сақталмайынша, ешқандай реформа мен оң өзгеріс жүзеге аспайды.

Сонымен қатар Президент құқық қорғау органдары заң бұзушылықтарға қатысты қатаң шаралар қолдануы қажет екенін жеткізді.

– Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді “Штрафстан”, “Айыппұлстан” деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін, – деді ол.

Президенттің айтуынша, қоғамның басты талабы – қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп.

– Біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде “Заң мен тәртіп” саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.