Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова үйінің қасбеті мен іргесін жөндеген құрылысшылардың жұмысына көңілі толмағанын айтты. Әнші бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, жағдайды көрсетті, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесінің айтуынша, үйін жөндеуге 55 миллион теңге жұмсаған. Құрылыс жұмыстары шамамен төрт айға созылып, жұмысшылар осы уақыт ішінде әншінің ауласындағы киіз үйде тұрған.
Алайда құрылысшылар жұмысты аяқтап кеткеннен кейін көп ұзамай үйдің кей жерлері бұзыла бастаған. Қабырғалардағы материалдар мен плиткалар түсіп, қасбеттің кей тұстары қираған.
Жөндеу сапасына наразы болған Мақпал Жүнісова мұндай жағдайды өзінің жалғыз әйел екенін пайдаланып кеткендей қабылдағанын айтты.
«Еркегі жоқ, жесір әйел деп басынғаны ма?» – деді әнші.
Оның видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшіліктің назарын аударған. Осыдан кейін марқұм жолдасының туыстары әншіге қолдау көрсетіп, үйдің қасбетін қайта жөндеу жұмыстарын ұйымдастырған.
Кейін Мақпал Жүнісова жөндеу жұмыстарының қайта басталғанын көрсетіп, құрылысшыларға әзілмен ескерту жасады.
«Репетициядан келіп, видео түсіріп жатырмын. Осы кісілер жасап жатқан. Енді сендерді халық таниды, дұрыстап жасаңдар!» – деді ол.
Әнші бұған дейінгі құрылыс бригадасының бригадирін танитынын да айтты. Алайда істі сотқа жеткізіп, уақыт жоғалтқысы келмейтінін жеткізді. Оның сөзінше, бұрынғы құрылысшылар болған жағдайдан кейін өзімен байланысып, кешірім де сұрамаған.
Айта кетейік, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова Алматы қаласының туған күніне арналған концертте жастармен бірге өнер көрсетіп, көрерменді тәнті етті.
Мақпал Жүнісова кім?
Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова 1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысы Теректі ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің "музыка-драма" бөлімін тәмамдайды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы халық әртісі, 1999 жылы ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университеттің профессоры. Әншінің көптеген әні тыңдарман жүрегінен орын алып үлгереді. Олар — "Аққу сазы", "Армандастар", "Ғашық жүрек", "Екі жұлдыз", "Еркетайым", "Жан ана", "Көздеріңе ғашықпын", "Мәңгілік сағыныш" және т.б.
Мақпал Жүнісова мен Заманбек Нұрқаділовтің махаббат хикаясы: олар қалай шаңырақ көтерді?
Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова мен мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің жұбай болғанын көпшілік жақсы біледі. Алайда олардың отбасылық өмірі бірден басталмаған. Әншінің айтуынша, екеуі 1991 жылы бірге шаңырақ көтеріп, тек жеті жылдан кейін заңды некеге тұрған.
Мақпал Жүнісова бұл туралы 2024 жылы «Din Dina Show» бағдарламасында айтып берген. Оның сөзінше, бастапқыда Заманбек Нұрқаділовке ғашық болмаған. Керісінше, саясаткердің беделі мен айналасындағы адамдардан сескенген.
Әншінің айтуынша, қарым-қатынастың бастамасын Заманбек Нұрқаділов өзі жасаған. Мақпал Жүнісова оның ұсынысына бірден келіспегенімен, кейін екеуінің арасында сыйластық орнаған.
«1991 жылы шаңырақ көтердік, 1998 жылы заңды некеге тұрдық», – деген еді әнші.

Мақпал Жүнісова қиын кезеңдерде де жарының жанында қалғанын айтқан. Оның сөзінше, Заманбек Нұрқаділов биліктегі қызметінен кеткеннен кейін де отбасылық өмірін жалғастырған.
Ерлі-зайыптының Мерей есімді қызы бар. Мақпал Жүнісова бұған дейін қызын Заманбек Нұрқаділов екеуі асырап алғанын айтқан. Әнші марқұм жарының бірінші отбасынан туған балалары болғанын да жасырмайды.
Заманбек Нұрқаділов 2005 жылғы 12 қарашада Алматыда қаза тапты. Содан бері Мақпал Жүнісова марқұм жары туралы естеліктерін әлеуметтік желіде жиі бөлісіп келеді. 2018 жылы әнші Нұрқаділовпен және кішкентай қызы Мереймен бірге түскен сирек видеосын жариялаған.
2023 жылы ол жолдасының өзіне және қызына арнап жазып қалдырған өлеңдерін де жариялады. Сол жазбасында Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовпен 1994 жылы 20 қарашада бірге шаңыраққа кіргенін атап өтті.