Танымал әнші Мақпал Жүнісова үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізген құрылысшыларға наразылығын білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесінің айтуынша, үйге жөндеу жасалғанына әлі бір жыл толмағанымен, қабырғалары түсіп, құрылыс сапасына қатысты мәселе туындаған.
Әнші бұл жұмысқа қазақ жігіттерінің қатысқанын және оларға 55 миллион теңге төлегенін айтты. Оның сөзінше, құрылысшылар төрт ай бойы үйінің ауласында киіз үй тігіп тұрған.
«Құрылысшылардың жасап кеткені. Өзіміздің қазақтың жігіттері. 55 миллион теңге алды. Төрт ай есік алдына киіз үй құрып жатты. Тамағымды ішті. Мені жесір әйел, ештеңе білмейі деп басынғаны ма? Әттең, Зәкең жоқ, бастарын жұлып алатын еді», – деді Мақпал Жүнісова.
Әншінің бұл жазбасына желі қолданушылары да пікір білдірді. Олардың бірқатары құрылыс сапасына жауапты адамдарды заң аясында жауапкершілікке тартуды ұсынды.