Маңғыстау облысында үй жағдайында ысталған балық жегеннен кейін ауыр халде ауруханаға түскен отбасының 9 жастағы баласы көз жұмды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға шамамен екі апта бұрын болған. Бір отбасының төрт мүшесі ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізіліп, дәрігерлер олардан ботулизм белгілерін анықтаған. Алдын ала мәлімет бойынша, науқастар үй жағдайында ысталған балық жеген.
Уланғандардың барлығы жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Сондай-ақ оларға ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізілген.
Науқастардың арасында 9 жастағы баланың жағдайы аса ауыр болған. Ол жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан. Баланың жағдайында оң өзгеріс байқалмағаннан кейін туыстары Астанадағы мамандардан көмек сұраған.
Осыдан кейін Ақтауға реаниматолог, инфекционист және невролог мамандар жіберілген. Дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмек көрсеткенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Уланғандардың арасында баланың әкесі де болған. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. Отбасының тағы екі ересек мүшесі дәрігерлердің бақылауында ем қабылдауды жалғастырып жатыр.