Маңғыстау облысында салымшыларға 9 млрд теңгеден астам шығын келтірген Sax Invest қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бұл туралы облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
ЭТД Тергеу басқармасының басшысы Самат Исабековтің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында департамент өндірісінде 27 қылмыстық іс болған. Оның 10-ы бойынша тергеу аяқталып, тоғыз іс сотқа жолданған. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген жалпы шығын көлемі 1,63 млрд теңгеден асса, тәркіленген мүлікті қоса есептегенде 887,4 млн теңгеге жуық залал өтелген.
Ең ірі істердің бірі – Sax Invest қаржы пирамидасының қызметіне қатысты тергеу. Lada.kz мәліметінше, 2018–2022 жылдар аралығында оның ұйымдастырушылары Ақтау, Астана, Ақтөбе және Орал қалаларындағы мыңнан астам азаматқа бағалы қағаздармен операциялар жүргізу және Анголадағы алмас өндіру жобасына инвестиция салу арқылы жоғары табыс табуға болатынын айтып, қаржы тартқан. Тергеу деректеріне сәйкес, салымдардың жалпы көлемі 9 млрд теңгеден асқан.
Аталған іс бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесі 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал тергеу нұсқасы бойынша қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы 2024 жылдан бері халықаралық іздеуде. Сот үкімімен сотталғандардың мүлкі мен цифрлық активтері тәркіленіп, 208 жәбірленушінің азаматтық талап-арызы қанағаттандырылды.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған қаражатты казино арқылы заңдастыру белгілері де анықталған. Алайда тергеу құпиясына байланысты бұл схема туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.
Сонымен қатар ведомство Ақтау тұрғынына қатысты Telegram арқылы заңсыз онлайн-казино ұйымдастыру ісі бойынша тергеудің аяқталғанын хабарлады. Айналымы 3,1 млрд теңгені құраған заңсыз қызмет үшін сот оны 5 жылға бас бостандығынан айырып, құны 52 млн теңгеден асатын екі автокөлікті мемлекет кірісіне тәркіледі.
Бұдан бөлек, Astana Rich Village тұрғын үй кешенінің аяқталмай қалған құрылысына қатысты қылмыстық іс, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар, әлеуметтік нысандар құрылысы және облыс әкімдігінің бұрынғы жекелеген лауазымды тұлғаларының қызметіне байланысты бірнеше іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру құпиясына байланысты аталған қылмыстық істердің өзге мән-жайлары жарияланбайтынын мәлімдеді.