Маңғыстауда қаза тапқан әскерилер саны артты

Маңғыстауда қаза тапқан әскерилер саны артты
Фото: freepik

Вице-премьер Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия оқиға орнында жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Нақтыланған мәлімет бойынша, оқу-жаттығу тапсырмасын орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, теңіздегі желдің күшеюінен 17 әскери қызметшіні су алып кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қазір тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бозымбаев жоғалғандарды үздіксіз іздеуді және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Не жағдай болды?

Алдын ала мәлімет бойынша, оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізіне 19 әскери қызметші барған. Қазіргі уақытта олардың он екісу қаза тапқаны белгілі болды. Үш әскери қызметші құтқарылған. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілген. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштері мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.

Оқиғаның себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің өкімімен құрылған комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді.

Комиссия құрамына Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор және Шекара қызметінің өкілдері кірді.

Премьер-министр Олжас Бектенов комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін анықтауды тапсырды.

Сонымен қатар комиссияға қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек көрсету тапсырылды.

Кейін қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.